Басты Жаңалықтар «Almaty Superski» тау курортын салу жобасы қолдау тапты

«Almaty Superski» тау курортын салу жобасы қолдау тапты

Алматыда Көкжайлау шатқалында орналасатын Almaty Superski тау  курортын салу жобасы бойынша қоғамдық талқылау өтті. Жиынға мемлекеттік орган өкілдері, туризм саласының сарапшылары, экологтар, кәсіпкерлер мен қоғам белсенділері қатысты. Мамандар бұл жоба алып шаһарды халықаралық деңгейдегі тау туризмі дамыған орталыққа айналдыруды көздейді деп отыр.

Almaty Superski – Алатаудың баурайында орналасатын,  халықаралық стандарттарға сай заманауи тау курортын құруға бағытталған ауқымды жоба. Жоспар бойынша мұнда қысқы спортпен қатар, жыл бойы жұмыс істейтін экотуризм, жаяу серуен бағыттары мен демалыс орындары болады. Жоба 1022 гектар аумақты алғанымен, негізгі құрылыс тек 20 гектар жерде жүргізіледі, дейді мамандар.

Серік Жарасбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі:

Бұл ішкі туризмге емес, сыртқы туризмге де тарту үшін салынып жатқан, қасында мына үлкен екі еліміз бар. Халықаралық талаптарға сай, келешекте заманауи кластерін салу бойынша жұмыстар өтіп жатыр. Экономикаға үлкен үлесін қосады. Өзімізге белгілі тау туризмге байланысты туристер жағажай туристеріне қарағанда 5 есе көбейді. Шаңғы тау курорты туризмді дамытуға өзінің үлесін береді деген сенімдеміз.

Жоба аясында бірыңғай аспалы жол жүйесі құрылып, Шымбұлақ пен өзге де туристік аймақтарды байланыстыратын инфрақұрылым дамиды. Түрлі деңгейдегі шаңғы трассалары, жасанды қар жасау жүйесі, қонақүй инфрақұрылымы салынбақ. Сондай-ақ тау бағыттарында цифрлық навигация, қауіпсіздік жүйесі және визит-орталықтар іске қосылады. Осы ретте кәсіпкерлер бұл бастама шағын және орта бизнестің дамуына да серпін береді деп отыр.

Арманжан Байтасов, кәсіпкер:

Экономикалық тұрғыдан алғанда, бұл жоба тиімді әрі табысты. Шетелден келетін туристер тек тау курорттарымен шектелмейді, олар Алматының музейлерін аралап, театр өнерімен танысады, қаланың көрікті жерлеріне, мейрамханалары мен қызмет көрсету орындарына барады. Мұның бәрі қаланың экономикалық әлеуетін арттыруға тікелей әсер етеді. Шамамен, бір турист бір күнде 250–300 еуро жұмсайды десек, егер олар қосымша спорттық жабдықтар сатып алса немесе жалға алса, бұл да экономикаға қосымша кіріс әкеледі дер едім.

Сондай-ақ экологиялық қауіпсіздік мәселесі қоғамдық талқылауда ерекше назарға алынды. Мамандардың айтуынша, құрылыс басталмас бұрын аумақтың флорасы мен фаунасы, су қоры, топырақ құрамы, геологиялық ерекшеліктері мен археологиялық мұралары жан-жақты зерттеліп жатыр.

Ержан Еркінбаев, «Kazakh Tourism Development» компаниясының бас директоры:

Қазіргі уақытта арнайы ғылыми институттармен бірге жұмыс жүріп жатыр.  Біздің басты мақсатымыз – табиғатқа зиян келтірмей, заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру. Яғни, жоба  тек инфрақұрылым емес, инвестор тарту, мамандар даярлау және экологиялық шараларды қатар қамтиды.

Жоспар бойынша жоба 2029 жылға дейін кезең-кезеңімен жүзеге асады. Биыл 49 іс-шара қолға алынбақ. Алғашқы кезеңде Шымбұлақ, Бутаковка және Кімасар шатқалдарын дамыту көзделсе, кейін тау курорттарын бірыңғай аспалы жол жүйесі арқылы біріктіру жоспарланып отыр. Мамандар жоба толық іске қосылған соң 5 мыңнан аса адам жұмыспен қамтылып,  туризм саласынан түсетін табыс айтарлықтай артады. Ал қоғамдық тыңдаулар мен сарапшылар пікірі жоба ашықтығын қамтамасыз етудің негізгі тетігі, деп отыр.

Бөлісу