Басты Жаңалықтар «Өз жерінің елшісі»: Руханият форумы өтті

«Өз жерінің елшісі»: Руханият форумы өтті

 Алматыда көрнекті ақын, қоғам қайраткері, халықаралық «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының жетекшісі Олжас Сүлейменовтің 90 жылдығына арналған халықаралық форум өтті. «Өз жерінің елшісі» Еуразия мәдениетін жақындастыру шарасына Франция, Ресей, Әзербайжан, Түркия, Қырғызстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қытай, АҚШ және өзге де елдерден келген мәдениет, ғылым және әдебиет өкілдері қатысты. Форумның пленарлық отырысында Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Олжас Сүлейменовті мерейтойымен құттықтап, оның ұлттық мәдениет пен Қазақстанның халықаралық беделін нығайтуға қосқан айрықша үлесін атап өткенін жеткізді. Аида Балаеваның айтуынша, Президент Олжас Сүлейменовтің өмір жолын Отанға адалдықтың, биік азаматтық ұстанымның және жалпыадамзаттық құндылықтарға беріктіктің жарқын үлгісі деп бағалаған. Сондай-ақ оның шығармашылығы қазақ әдебиетінің ғана емес, әлемдік рухани мәдениеттің де маңызды бөлігіне айналып, бірнеше буынның дүниетанымын қалыптастырғаны атап өтілді.

Сұлтан Раев, ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы:

Олжас Сүлейменов – бір ғана қазақ әдебиеті емес, түркі әдебиетіндегі өзгеше тұлға, біздің заманымыздың рухани лидері деп айтар едім. Олжас Сүлейменовтің бүгінгі мейрамы бұл қазақ елінің ғана емес, түркі елінің мейрамы деп айтар едім.

Владимир Снегирев, жазушы, Ресей федерациясының еңбек сіңірген журналисі:

Олжас Сүлейменов – әлемдік деңгейдегі ұлы тұлға. Мен 5 жыл бұрын ол туралы кітап жаздым. Сол туынды дүниежүзіндегі мәдениет саласындағы ірі тұлғалармен тең тұрды. Оның дүниетанымы өте терең. Көп жағдайда ойымдағыны философиялық тұрғыда дәл жеткізетін ерекше азамат.

Форум барысында Премьер-министрдің орынбасары Олжас Сүлейменовтің әдебиет пен кино саласына қосқан зор үлесі жайлы тоқталды. Қаламгердің шығармалары әлемнің 30-дан астам тіліне аударылып, көптеген елде жарық көрген. Сонымен қатар жазушының қазақ және орыс тілдеріндегі он томдық шығармалар жинағы қайта басылып, оқырманға ұсынылғаны айтылды. Мерейтой аясында жыл соңына дейін «Олжас Сүлейменов. 90 жас» және «Аз и Я» фотоальбомдарын шығарып, оларды елдегі қоғамдық кітапханаларға тарату жоспарланып отыр. Форумда Олжас Сүлейменовтің кинематография саласындағы еңбегі де айтылды.

Мәселен, 1966 жылы Сүлейменовтің сценариі бойынша режиссер Шәкен Айманов «Атамекен» фильмін түсірді. Сондай-ақ «Махамбет», «Жәңгір» фильмдерінің де сценариін жазды.

Бүгінгі форум барысында  «Аз и Я», «Жер әлемінің елшісі», «Поэмалар кітабы» сынды қайта басылған еңбектерінің тұсаукесері өтті.

Баба Везир Оглу Масимов, ақын, Әзербайжаннның Еңбек сіңірген өнер қайраткері:

Халықаралық деңгейдегі жазушылар көп қой. Бірақ Әзірбайжан елі үшін Олжастың орны бір төбе. Өйткені жеті жастағы баладан жетпіс жастағы қарияға дейін біледі. Бүгінгі шара «Өз елінің елшісі» деп аталса, мен ол кісіні «адамзаттың елшісі» деп айтар едім.

Нағашыбек Қапалбекұлы, жазушы, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері:

7-8 фильмге сценарий жазды. 7 жыл бойы қазақ киносын басқарды. Ал жазушылар одағында 7 жыл басшы болды. 300 жазушыға үй алып берді. Ал енді соңғы кезде Парижде ЮНЕСКО-ның штабында қызмет істеді. Адамды адам жақындандыратын тек қана мәдениет, өнер. Осыған көңіл бөлуіміз керек деп, дүниежүзі бойынша ЮНЕСКО-ның 10 жылдықтарын жариялауға тікелей ұсыныс жасады.
Бөлісу