Вице-премьер «Қазақстан» телерадиокорпорациясының жаңа медиаорталығын аралады
Бүгін Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының Алматы қаласында орналасқан жаңа медиаорталығымен танысты. Жалпы аумағы 8 500 шаршы метрге жуық жаңа ғимарат заманауи технологиялармен, ауқымды өндірістік мүмкіндіктермен және телерадио хабар таратуға арналған жаңа инфрақұрылыммен жабдықталған. Медиаорталықта көлемі 1050 шаршы метр болатын ірі телестудия орналасқан. Мұнда ауқымды телевизиялық бағдарламаларды түсіруге мүмкіндік бар. Сонымен қатар жаңалықтар, сараптамалық, мәдени және арнайы жобалар әзірлеуге арналған көлемі 133 және 135 шаршы метр болатын заманауи екі студия жұмыс істейді. Ғимараттың шатырында орналасқан Sky-студия да ерекше назар аудартады. Бұл алаңда сұхбаттар, тікелей қосылымдар ұйымдастырылып, ашық форматтағы жобалар эфирге шығады. Жаңа медиаорталықтың жұмысымен танысқан Аида Балаева қазіргі заманғы инфрақұрылым мен технологиялық жабдықталудың медиа саласы үшін маңызы зор екенін атап өтті. Вице-прмеьердің айтуынша, сапалы еңбек жағдайы көрермен сұранысына сай, мазмұнды әрі бәсекеге қабілетті контент жасауға тікелей әсер етеді.
Айта кетейік, қазақ телевизиясының тарихи ғимараты – «Қазақстан» телерадиокорпорациясының Алматы филиалы 2022 жылғы Қаңтар оқиғасы кезінде өртеніп, тоналған. Кейін ескі нысан толық бұзылып, оның орнына жаңа заманауи телерадиоорталық салу туралы шешім қабылданды. Құрылыс жұмыстары 2022 жылдың жазында басталып, 2025 жылдың желтоқсанында аяқталды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы