Атом саласының мамандары елімізде даярланады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Атом саласының мамандары елімізде даярланады

26.07.2025

Өскемендегі техникалық университте атом саласына қажет мамандарды оқытатын болды. Оқу бағдарламасы халықаралық атом энергетикасы жөніндегі агенттік сарапшыларымен келісілді. Қазір халықаралық МАГАТЭ ұйымының ұсынысы бойынша Қазақстанда 6 жоғары оқу орнында уран өндірісіне қажет мамандар оқытылып жатыр. Ал елімізде алғашқы АЭС 2035 жылға қарай іске қосылады. Сол кезде қанша маман қажет?

Болашақта атом саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлау үшін Өскемендегі техникалық университетте арнайы оқу бағдарламасы жасалды. Студенттерге сабақ беретін ұстаздар түгел Еуропадағы ірі атом электр станцияларында халықаралық тәжірибеден өткен. Ал оқу орны биыл алғаш 50 студентті қабылдады.

Нұртас Аманкелді, талапкер:

Қазіргі таңда Қазақстанда энергетика саласы дамып келеді. Осы саланы әрі қарай дамытуға өз үлесімді қосу үшін мен бұл саланы таңдадым. Бұл салада жұмыс мүмкіндіктері де бар.

Университеттегі оқу бағдарламасы атом саласында қазір жұмыс істеп жүрген білікті мамандармен бірілесіп жазылды. Техникалық қауіпсіздікке негізделген теориялық жобаны атом энергетикасы жөніндегі халықаралық агенттік ғалымдары да мақұлдады.

Айбек Қалиев, ШҚТУ сәулет құрылыс және энергетика мектебінің деканы:

Біз осы білім беру бағдарламасын ашу барысында Халықаралық атом энергетикасы агенттігін шақырып, олардың сарапшылары білім беру бағдарламасын жасауға көмектесті. Биылғы сәуір айында Австриядан үш маман келіп, бағдарламаның мазмұнын толықтай зерттеп, әзірлеуге атсалысты.

Студенттер теориялық білімін Ұлттық ядролық орталық пен атом реакторларының негізгі бөлшектерін шығаратын зауытта тәжірибемен ұшатастырады.

Манарбек Қылышханов, физика, математика ғылымдарының докторы, профессор:

Бұл жерде ең маңызды мәселе – кадрлардың болуы. Біздің зауытта оны қалай жасайтынымызды және қандай жабдықтармен қалай қолданатынымызды жақсы білеміз. Мұнда жұмыс істеп жатқан мамандардың барлығы Қазақстан азаматтары.

Жоғары оқу орындарында жаңадан ашылған мамандықтар болашақта жалпы энергетика саласындағы кадр тапшылығын да жояды. Ең негізгі мақсат АЭС-те жұмыс істейтін мамандарды өзімізде даярлау.

Михаил Подойников, Метеллургия зауыты ғылыми орталығының жетекшісі:

Біз студенттерге уран оксиді негізінде, ядролық керамикалық отын алудың бүкіл технологиялық үдерісін көрсетеміз. Сондай-ақ отандық шикізаттан жылу бөлетін элементтерді құрастыру процесін және оның қалай жасалатынын да үйретеміз.

Қазір АЭС-ке қажет отын қоры да жасақталып жатыр. Өскемендегі өндірістің өнімділігін арттырудың нәтижесінде 25 мың тонна уран өндіру жоспарланып отыр.

Олжас Керейхан


Хабарламаларға жазылу