Басты Жаңалықтар Ақтөбеде ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған этнофестиваль өтіп жатыр

Ақтөбеде ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған этнофестиваль өтіп жатыр

Ақтөбеде ұлттық дәстүрлерді ұлықтаған «Сыбаға-2025» этнофестивалі өтіп жатыр. Үш күнге жалғасатын шара барысында қолөнер бұйымдарының көрмесі, шеберлік сағаттары және салбурын ұйымдастырылады. Ал отандық және шетелдік дизайнерлер таңдаулы топтамаларын көрсетті.
Данияр Бабашев этнофестивалге Алматыдан арнайы келген. Ол 15 жылдан бері қыш бұйымдарын жасаумен айналысады. Шебердің қолынан шыққан бұйымдарға қызығатындар өте көп. Қыш құмыралар мен тұрмыста қолданылатын ыдыстың 50-ге жуық түрін дайындайды.
Данияр Бабашев, қыш шебері:

Мұны тұрақты түрде үйде қолдануға әлі дайын емес. Оның процесін біз мейлінше түсіндіруіміз керек. Кезінде тұрақты түрде пайдаланғанын ашып көрсетуіміз керек. Сол кезде алдағы кезде сұраныс көп болады. Ал қазір көбіне тек мейрамханалар ғана пайдаланып жатыр.
Қолөнершілердің жұмысын көруге халық көп жиналды. Әсіресе күмістен соғылған әшекейлер мен жүннен дайындалатын бұйымдарға сұраныстың жоғары екені байқалды. Шеберлер тоқыма өнерінің де ерекше үлгілерін паш етті. Фестиваль елімізден және көрші қырғыз елінен келген жиырмаға жуық шебердің басын қосып отыр.
Әлібек Байнешов, облыстық Ішкі саясат басқармасының басшысы:
Бұл ұлттық құндылықтарымызды дәріптейтін, дәстүрімізді дәріптейтін, бүгінгі ұрпаққа жеткізетін үлкен шара. Өңір басшысының тапсырмасымен осымен екінші жыл қатарынан өткізіп жатырмыз. Ғылыми прогресс қанша дамығанымен, осы күнге жеткізген дәрстүрімізді, ғұрпымызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуіміз қажет.
Этнофестиваль аясында «Дәстүрлер жаңғырығы» деген атаумен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды. Жиналғандар дизайнерлердің ұлттық нақыштағы киімдер топтамасын көруге мүмкіндік алды. Өңір басшысы Асхат Шахаров ұлттық дәстүрді жаңғыртып жүрген шеберлерге алғысын білдірді. Сән әлемі өкілдерінің айтуынша, соңғы жылдары қазақы шапандар мен кәжекейлерге сұраныс артқан.
Тәрбия Айдынбаева, дизайнер:
Біздер ұлттық киімдер дайындағанда ең бастысы оның мән-мағынасына мән береміз. Себебі аманатқа қиянат жасауға болмайды. Өсіп келе жатқан ұрпаққа дұрыс жеткізу, ою-өрнектің мән-мағынасын түсіндіру.
Этнофестиваль үш күнге созылады. Ұлттық дәстүрлерді насихаттаған шара облыс орталығынан бөлек аудандарда да өтіп жатыр. Шара аясында ондаған отбасыға соғымнан сыбаға таратылды.

Бөлісу