Басты Жаңалықтар Бүгін Әлем біріншілігінің жеребесі тартылады

Бүгін Әлем біріншілігінің жеребесі тартылады

Аздаған сәттен соң келер жылы өтетін футболдан Әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі басталады. Дүниежүзі көз тіккен шара Вашингтонда өтеді. «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы оны сағат 22:00-де тікелей эфирде ұсынады. Бұл жолғы мундиаль – өзгеше. Жаңа формат, жаңа ереже, жаңа командалар. Жанкүйер үшін интирагаға толы біріншілік жайлы Асылбек Данияр тарқатып айтады.
АҚШ, Канада, Мексика – тарихтағы ең ауқымды мундиальды қабылдайтын үштік. Ойындар 16 қалада өтеді. ФИФА Президенті Джанни Инфантино қатысушылар қатарын 48 құрамамен кеңейтті. Бүгін күллі әлемнің назары Вашингтонда. Джон Кеннеди орталығында аладоп бәсекесінің жеребесі тартылады.
Командалар төрт себетке бөлініп, 12 топқа жіктеледі. Әр топта – 4 құрамадан болады. Қазірше белгілісі – ұйымдастырушы елдер АҚШ – A, Канада – B, Мексика – C тобында.
Марғұлан Жақып, спорт комментаторы:

Бізде «өлім» тобы деген ұғым бар ғой. Мүмкін, Аргентина, Норвегия, Марокко, Италия түссе, нағыз футбол жанкүйерлер үшін қызық топ болары анық. «Өлім» тобында тек мықтылар бақ сынайды, рейтингте жоғары тұрған командалар.
Топтық кезеңде әр құрама 3 матчтан өткізеді. Әр топта – 6 кездесу болады. Бірінші, екінші орын алғандар тікелей плей-оффқа шығады. Ал қалған 8 жолдама үшінші орын алған әрі ұпайы көп үздіктерге бұйырады. Тарихта алғаш рет плей-офф 1/32 финалдан басталады. Бір матч, бір мүмкіндік. Жеңілген команда еліне қайтады.
Жалпы, бұл біріншілікте 104 матч өтеді. Сарапшылар мұны «ғасыр жаңалығы» деді. Бірақ жанкүйер тарапынан сын да жоқ емес.
Марғұлан Жақып, спорт комментаторы:
Керісінше, жанкүйерлердің қызығушылығы төмен деңгейде. Өйткені билеттің құны тым жоғары болуы деген секілді мәселе бар. Сосын АҚШ-қа кіру оңай емес. Өзіңіз білетіндей, виза қиын мәселе: мәселен, Иран, Гаита деген секілді елдердің азаматтарына виза берілмейді.
Бұл біріншілік — футбол аңыздары Роналду мен Мессидің мансабындағы соңғы Әлем чемпионаты болуы мүмкін. Роналду қатысатынын растады. Ал 39 жастағы Месси әлі нақты шешім айтқан жоқ.
Турнирде төрт дебютант бар: Өзбекстан, Иордания, Кабо-Верде, Кюрасао. Әлем чемпионаты 11 маусымда басталып, 19 шілдеде аяқталады. Барлық матчты «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары тікелей эфирде көрсетеді. Турнир кестесі ертең жарияланады.

Бөлісу