Алматы облысындағы Жалпақсай ауылында 10 жастағы баланы үш ит талап, «не дейді?» деп үрпиісіп қалдық. Бала аурухананың жансақтау бөліміне түскен. Әуелі балалар футбол алаңында ойнап жүргенде иттердің атып шыққанын, сол кезде Максимнің қашып үлгермей қалғаны айтылған.
Сол жерде болған ауыл тұрғыны зейнеткер Серікбек Сахайбеков Максимнің өмірін арашалап қалған.
Ал иттер сол Жалпақсай ауылындағы есірткіге тәуелді адамдарға арналған оңалту орталығына тиесілі болып шықты. Бірнеше күннен соң орталық директоры бейнебақылау камерасының жазбасын жариялап «балалардың өзі қоршаудан секіріп түсіп, иттерді өшіктірген» деді. Бірақ желіде тараған жазбада балалардың қоршаудан секіріп түскен бейнесі жоқ. Ауыл әкімі Ислам Бауыржанұлы орталықтың көп ит асырауға рұқсаты жоқ деген.
Алматы облысының полиция департаменті Қылмыстық кодекстің «Абайсызда ауыр дене жарақатын келтіру» бабы бойынша іс қозғап, тергеуді бастаған.
Балаларға қатысты қапаландыратын, қайғы жұтатын, аһ ұрғызатын оқиғаларды аптасына бірнеше рет естиміз...
Жайна Сламбек
