Есірткі саудасы: 4,3 мың адам түрмеде отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Есірткі саудасы: 4,3 мың адам түрмеде отыр

29.06.2025

Елімізде синтетикалық есірткінің таралу қаупі күшейіп бара жатқанын ашық талқылау керек. Ұлт денсаулығына қатері өз алдына, қылмыскерлер көбейіп барады. Жап-жас қыздар мен жігіттер, тіпті жасөспірімдер бар, есірткі таратумен айналысып, ақыры 10 жылдан 20 жылға дейін сотталып, өмірлерінің күл-талқаны шығып жатыр.

Ресми дерекке сай, есірткі дайындағаны, сақтағаны және таратқаны үшін 4,3 мың адам түрмеде отыр. Соңғы жылдары есірткі таратып ұсталғандар 30 процентке бір-ақ көбейген. Баламен дос болу, балаға ас-ауқат пен киім ғана емес, тәрбие беруді қайта-қайта айтатынымыздың бір себебі де сол есірткі қаупі. Тұтыну, тарату қаупі.

Осы аптада есірткі таратты деген күдікпен 2 қазақстандықтың Индонезияда ұсталғаны туралы ақпарат шықты. Оны Сыртқы істер министрлігі растады. «Тергеу жүріп жатыр. Джакартадағы Қазақстан елшілігі тергеу органдары және айыпталушылардың туысқандарымен байланыста» деген хабарлама таратты.

Қазақстандықтар сәуір айында тұтқындалған. Олардан 49 грамм кристаллды метамфетамин табылған. Индонезияда есірткі сақтап, таратуға байланысты ең жоғары жаза тағайындалған...

Қазақстан мен Индонезия арасында заң бұзып, ұсталған азаматтарды алмасу туралы келісім жоқ. Десе де Сыртқы істер министрлігі ресми сауал жолдап көреді.

Жайна Сламбек

Хабарламаларға жазылу