Жетісу облысында екі полицей қызмет барысында қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Жетісу облысында екі полицей қызмет барысында қаза тапты

29.06.2025

Жетісу облысында екі полицей қызмет барысында қаза тапты.

Жастары 34 пен 32-гі полиция майоры Арнұр Алханов пен аға лейтенант Шыңғыс Асылбеков.

Жұмадан сенбіге қараған түні қызметтік міндетін атқарып жүрген полиция қызметкерлері жолдың ортасында тоқтап тұрған автокөлікпен соқтығыспауға тырысып, рульді күрт жол жиегіне бұрады. Сөйткенде машина қарсы жолаққа шығып кетіп, бар жылдамдығымен ағашқа соғылған.

Жетісу облысының полиция департаменті қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады.

«Талдықорған – Текелі автожолында Nissan Maxima көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Апат салдарынан көлік жүргізушісі мен жолаушысы – қызметтік міндетін атқарып жүрген ішкі істер органдарының қызметкерлері қаза тапты», – деген ақпар таратты департамент.

Ал ішкі істер министрі Е.Сәденов қаза тапқан полицейлердің отбасына көмек көрсететіндерін жазды.

Жайна Сламбек

Хабарламаларға жазылу