Елімізде жыл сайын 45 мыңға жуық адам инсульт алады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде жыл сайын 45 мыңға жуық адам инсульт алады

20.06.2025

Жыл сайын елімізде 45 мыңға жуық адам инсульт алып, үштен бірі көз жұмады. Дәрігерлер бұл дерттің жас талғамай бара жатқанын айтып, дабыл қағуда. Инсульт алғандар арасында өлім-жітім төмендегенімен науқас саны жыл сайын артып келеді дейді мамандар.

Инсульт алып, ауруханаға түскендердің бірі – 66 жастағы астаналық Ескендір Танабеков. Науқас 23 жылдан бері қант диабетімен ауырады. Зиянды әдеті жоқ, салауатты өмір салтын ұстанады. Бірақ артериялық қысымның 200-ге дейін көтерілуі инсультке себеп болған.

Ескендір Танабеков, қала тұрғыны:

Осы айдың 10-дарында қатты басым айналып, осы ауруханаға жедел жәрдем алып келді. 1 күннен кейін операция жасады. Бәрі жақсы, сәтті өтті. Екі жұмадай үйде таңертең тұрғанда басым айналып, жатып қалатынмын. Сөйтіп 2 жұма өтті.

Бұрын инсультті егде жастағы адамдар алса, қазір жастарда да жиі кездеседі. Дәрігерлердің айтуынша, науқастардың 4-5 пайызы 20 жасқа дейінгі азаматтар. Бұған жастардың энергетикалық сусындарды шамадан тыс ішуі, темекі мен электронды темекіге әуестік, сондай-ақ туа біткен тамыр патологиялары себеп болуы мүмкін.

Сабина Медуханова, ҰШМҮО Республикалық инсульт проблемалары жөніндегі үйлестіру орталығының басшысы:

15-20 жасқа дейінгі жастар, бірақ та 4-5%-ға жуығы инсульт алған.  Арасында кішкентай балалар да бар. Кішкентай балалар, мысалы, туа салысымен инсульт алып қалуы мүмкін. Оның себебі тым басқа. Ол қан тамырларының дұрыс дамымауынан пайда болған инсульт.

Инсульт алатын науқастар көбіне солтүстік өңірлерде тұрады. Дәрігерлер мұны ұзаққа созылған күйзеліс пен қарт адамдар санының көптігімен байланыстырады. Мамандардың айтуынша, әсіресе 45 жастан асқан азаматтар тәуекел тобына жатады.

Ержан Әділбеков , Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының басқарма төрағасы:

Науқастар инсульт алғаннан кейін толық тексерістен өтіп, тегін ем алады. Саланы жетілдіріп, медициналық көмек қолжетімді болуы үшін бүгінде жан-жақты жұмыстар атқарылуда. Шетелдік мамандармен жиі тәжірибе алмасамыз. Сондай-ақ жасанды интеллектіні көмек құралы ретінде қолдана бастадық.

Республика бойынша 83 инсульт орталығы жұмыс істейді, бәрінде реабилитациялық бөлімдер ашылған. Ал адамдар инсульт алмас үшін өздерін күткені дұрыс дейді мамандар.

Динара Жарқынбек


Хабарламаларға жазылу