Осы аптада әлемді алаңдатқан екі оқиға болды. Біріншісі: Үндістанда әуеге көтеріле берген жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Жантүршігерлік апатта Air India компаниясының мәліметінше, борттағы 242 адамның 241 мерт болды. Бір адам тірі. Ұлыбританы азаматы Вишваш-кумар Рамештің алапат оттың ішінде аман қалғанына таңғалмаған адам жоқ. Басқа құрбандар үшін біртүрлі естілсе де, «қырық жыл қырғында ажалды өледі» деген еске түседі. Вишваш-кумар апаттық шығу жолының жанында отырған.
Трагедияның жерде жалғасқаны, одан әрі аһ ұрғызады. Ахмадабад әуежайынан әуеге көтеріле сала ұшақ медициналық колледждің жатақханасына құлады. Онда студенттер мен дәрігерлер тұрған. Сөйтіп жерде 33 адам опат болды. Дәрігер демекші, апатқа дейін бірнеше минут қалғанда ұшақ салонында түсірілген селфи фото тарады. Суретте дәрігер Коми Вьяс, күйеуі Пратик Джоши, ол да доктор, және үш баласы күлімдеп отыр. «Жаңа қадам» деп жазып, Коми оны әлеуметтік желіге жариялайды, артынша апат болады.
Отбасы Лондонға көшіп бара жатқан.
Жайна Сламбек
