Болгария Президенті Румен Радев Қазақстанға ресми сапармен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Болгария Президенті Румен Радев Қазақстанға ресми сапармен келді

15.06.2025

Апта басында Болгария Президенті Румен Радев Қазақстанға ресми сапармен келді. Кездесу нәтижесінде 5 ірі келісім жасалды. Сүбелісі - Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің аясындағы ынтымақтастықты арттыру. Бұл бағыттың жаңа тармағы болып, Болгарияның Бургас және Варна порттары қосылуы мүмкін. Мұнда жеткізілген тауарды Еуропаға, Жерорта теңізі арқылы Африка және Атлант мұхиты кеңістігіне өткізу жеңілдемек. Қытайдан басталатын дәліз Қазақстан арқылы Каспий айдынына шығып, одан әрі Әзербайжан, Грузияны кесіп өтіп, Түркияға жеткесін Еуропа елдеріне тарайтын Транскаспий халықаралық көлік дәлізінің барынша дамуы біз үшін өте-мөте маңызды.

Болгариямен арадағы сауда саттық былтыр 375 млн долларды құраған. Біздің экспорт көлемі 303 млн доллар. Оның басым бөлігі әрине, мұнайға тиесілі. Екіжақты саудаланатын тауарлар: алюминий, электр құрылғылары, ферроқорытпалар, эфир майлары, дәрі-дәрмек, азық-түлік өнімдері, косметологиялық заттар және дүрбі бар.

Уран мен мұнай-газ Словакияға да экспортталады. Сәрсенбі күні елімізге ресми сапармен келген Словакия Премьер-министрі Роберт Фицомен келіссөздер жүргізілді. Словакия бұрын бізден 3 млн тоннаға дейін мұнай сатып алатын. Қазір соғысқа байланысты ол тоқтап тұр. Кездесуде осы мәселені шешудің мүмкіндері талқыланды. Екі ел арасындағы алыс-беріс ауыл шаруашылығы, машина жасау, туризм бағытында дамып келеді. Былтыр сауда-саттық 140,3 млн долларға жеткен. Словакияның су ресурстарын басқару ісіндегі тәжірибесі мол. Осы бағытта бірлесе жұмыс істеу жайы талқыланды. Қасым-Жомарт Тоқаев Словакияны да Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне қатысуға шақырды.

Сонымен қатар Президент Түркі мемлекеттері Парламенттік ассамблеясына мүше елдердің спикерлерімен кездесті. «Парламенттік Ассамблея – маңызды саяси құрылым. Біріккен жұмыстың арқасында елдердің экономикалық және мәдени-гуманитарлық дамуы арта түседі. Былтыр Қазақстан Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалық етті. «TURKTIME» ұранымен бірқатар маңызды жобаны жүзеге асырдық. Астанада V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтті. Түркі әліпбиінің ортақ нұсқасы бекітілді. Мұның бәрі тарихи оқиға», – деді Қ.Тоқаев. 2008 жылы құрылған бұл ұйымға Қазақстан, Қырғызстан, Түркия және Әзербайжан елдері мүше.

Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының ХIV жалпы отырысына төрағалық еткен Қазақстан мәжілісінің спикері Ерлан Қошанов парламенттік дипломатия арқылы халықаралық парламенттік ұйымдармен байланысты нығайту, ортақ түркі мәдени мұрасын, дәстүрлер мен тілдерді сақтауға бағытталған бастамаларды ілгерілету секілді бірнеше бағытқа басымдық беру керегін айтты. Ұйымға төрағалық ету кезегі Қазақстанға келді. Жиында Астана декларациясы қабылданды.


Хабарламаларға жазылу