Елімізде ипотекаға баспана алудың шарттары айтарлықтай өзгереді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде ипотекаға баспана алудың шарттары айтарлықтай өзгереді

15.06.2025

Елімізде ипотекаға баспана алудың шарттары айтарлықтай өзгереді. Сенат үлестік құрылысқа бақылауды күшейтетін заңды мақұлдап, Президенттің қол қоюына жіберді.

Мәні – үлескерлердің алданып қалмауы үшін. Ал алданып қалғандар бар. Елімізде 40-тан астам көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұр. Тірнектеп жинаған ақшасын сол үйлерге салып, қазір «шашы ағарған» адамдар сот жағалап жүр.

Ал заңда қандай мәселелер реттелген дегенге келсек:

Салынып жатқан үйлерде пәтерлерді сату-сатып алу бойынша алдын-ала келісімшарт жасасуға тыйым салынады.
Үлескерлердің қаражатын олардың келісімінсіз нысандарды жарнамалауға болмайды.
Азаматтардан ақша тартудың қаншалықты заңды екенін әкімдіктер міндетті түрде қадағалауы тиіс.
Тұрғызылып жатқан үйлерде ипотека рәсімдеуге тыйым салынады.

Бәрібір кілтипан бар: баспананы салынып жатқан кезде алса, азаматтарға арзаныраққа түсетін. Енді қалай болады?

Ал ипотеканың шекті мөлшерлемесі 25%-дан 20%-ға дейін төмендейтіні туралы жаңалық шыққалы риэлторлар «алдағы дүйсенбіге дейін несие рәсімдеп үлгеріңіз» деп азаматтарды кәдімгідей алаңдатып қойды. Дегенмен сарапшылар мұны спекуляция деді.

Шекті мөлшерлеменің 25%-дан 20%-ға дейін төмендеуі бұрын алынған ипотекаға да қатысты. Егер қазіргі мөлшерлемеңіз 20%-дан жоғары болса, қайта қаржыландыруға өтініш бересіз. Елдегі тұрғын үй несиелерінің басым көпішілігі бұл көрсеткіштен төмен. Бірақ «бірақ» бар. Банктер несие беру шарттарын өзгертуі мүмкін.

Қалалардағы тұрғын үй құрылысының, нарығының бәсеңдемейтіні түсінікті. Ауылда адамның азаюы ол бір мәселе. Дегенмен жаппай қалаға көшу үдерісі енді тоқтамайды. 2030 жылға қарай қалаларда 14 млн адам тұратыны болжанып отыр. Оған бес-ақ жыл қалды. Астана, Алматы, Шымкентке салмақ түсетіні түсінікті. Тек Астана халқы 10 жылда 1 миллионға көбейеді деген болжам бар.

Соған қалалар икемделіп жатыр ма? – деген сауалға «Мәселе қазірдің өзінде өзекті, қайдағы?» деп ойлайсың. Скептик ойымыз шегелене ме, әлде әкімдік ертеңді ойлап жүр ме? – деп материал жоспарлап едік. Мамандарды жаздық. Дегенмен бүкіл сұрақ барып тірелетін әкімдікте жауап беретін бірде-бір шенеуніктің қолы тимей, келесі аптаға қалды.

Жайна Сламбек
Раушан Сайлауқызы

Хабарламаларға жазылу