Мамандық таңдау – талапкердің тағдыры. Алайда мектеп бітіушілердің көпшілігі қай салаға бейім екенін білмейді. Тек грант үшін оқуға түседі, дейді мамандар. Салдарынан 1- семестрден кейін оқуын тастап кететіндер көбейген. Оқу-ағарту министрлі мәселені шешудің жолын тапты. Биылдан бастап барлық білім беру мекемесінде кәсіби бағдарлаушы маман жұмыс істейді. Мұның пайдасы бола ма? Әріптесім Асылбек Данияр анықтап көрді.
Алима - «Химия» мамандығы бойынша 1-курс студенті. Өзі қызықпайтын саланы таңдаған ол оқуды әрі қарай жалғастырудан бас тартқан. Әрі қарай білімін медицина мамандығында жалғастырғысы келеді.
Алима Мұрат, студент:
Мен енді түсініп бастадым, мына мамандықта оқығым келмейді. Оданша қиналып анотомия оқығым келеді деп, нақты шешімді қыста қабылдадым. ҰБТ тапсыруға сол кезде дайындалдым. Қазір екінші ҰБТ-ға да өтініш беріп қойдым.
Педагог-профориентолог Айдос Жұманазардың айтуынша, мұндай тенденция елімізде жиі кездеседі. Себебі жастар мамандықты кеш, 11-сыныпта ғана ойланады. Мұндай маңызды қадамға 8-сыныптан бастап кіріскен жөн, дейді.
Айдос Жұманазар, педагог-профориентолог:
Оқушылар мен ата-аналарың типі бар. Тек қана грантты немесе тек қана университетті қалайтындар да кездеседі. Ондай оқушылар, өкінішке қарай, университетте өте қатты қиналады. Мамандық таңдау қарапайым нәрсе емес, өмірді таңдау болғандықтан, жауапкершілікпен, бірігіп, ақылдасып, кеңесу кеерк. Отбасында бұл туралы өте көп әңгіме айтылуы керек.
Енді мектеп бітірушілер: «болашақта кім боламын» деп қиналмайды. Биылдан бастап барлық мектепте кәсіби бағдар беруші маман жұмыс істейді. Балалардың қызығушылығын ерте анықтап, дұрыс жол көрсетеді. Кәсіби бағдарлаушы заңнамалық негізде маман болып бекітілген. Тағы бір мәселе — қай мамандықтың шекті балы қандай, қай жерде грант барын білмеу. Соның кесірінен талапкерлер кейде жалған кеңеске алданып қалып жатады, дейді Ғылым және жоғары білім вице-министрі
Талғат Ешенқұлов, ҚР Ғылым және жоғары білім вице-министрі:
Ұлттық тестілеу орталығының сайтында, министрліктің, басқа да сайттарында жыл сайын өткен әр мамандық бойынша өткен балдардың шекті балын қойып отырамыз. Сол мәліметтерді пайдаланып, әр ата-ана, әр талапкер шешім қабылдауға мүмкіндігі бар.
Мамандық таңдау талапкердің тағдырына тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл шешім баланың емес, отбасының, мектептің, тіпті қоғамның жауапкершілігі. Ал кәсіби бағдарлаушы мамандар осы ауыр жүкті жеңілдетуге көмектеспек.
Асылбек Данияр
