Басты Жаңалықтар Президент Жолдауы: Ауыл әкімдері нәтижелі жұмыс істеп жатыр

Президент Жолдауы: Ауыл әкімдері нәтижелі жұмыс істеп жатыр

Ақтөбе облысында Мемлекет басшысының Жолдауында көрсетілген тапсырмалар қалай жүзеге асырылып жатыр? Осы өңірге жұмыс сапарымен барған Президент кеңесшісі Мәлік Отарбаев ауыл әкімдерімен кездесіп, экономика саласындағы негізгі міндеттер мен мәдени және рухани құндылықтар тақырыбында арнайы жиын өткізді. Үздік әкімдер өздерінің тәжірибесін бөлісті.

Алға ауданына қарасты Үшқұдық ауылы - өңірдегі маңдайалды елді мекендердің бірі. Мұнда жұмыссыздық деңгейі төмен. Тұрғындар жеке кәсіп ашып, мал шаруашылығын дамытып отыр. Ауыл көшелеріне жол салынып, өзге де әлеуметтік нысандар бой көтерген. Президент Жолдауында көрсетілген міндеттер кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.

Берік Ақдәулетов, Алға ауданы, Үшқұдық ауылдық округінің әкімі:

Біздің Үшқұдық ауылдық округі үлгілі ауылдан үшінші орынды жеңіп алды. Біздің мемлекет пен халықтың арасында байланыс барын көрсетеді. Үлкен өзгеріс әкелетінін сенімді түрде айта аламыз.

ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаевпен өткен кездесу барысында Жолдауда көрсетілген міндеттерді орындау жолдары талқыланды. Жиынға өңір басшысы Асхат Шахаров та қатысты. Қазір өңірдегі ауыл әкімдердің 90 пайызы тікелей сайлау арқылы тағайындалған. Көбі бұған дейін мемлекеттік қызметте істемеген. Соған қарамастан жұмыс нәтижесі жоғары.

Медет Бекжанов, Мәртөк ауданы, Тәңірберген ауылдық округінің әкімі:

Экономикалық мақсатта ауылдың деңгейі өте қарқынды деуге болады. 2022 жылы басталған «Ауыл аманаты» жобасының аясында бүгінге дейін 63 жоба ашылып, ауылымызға 400 млн-дай инвестиция тартылды. Жаңа жобалар ашылды. Жұмыссыздық түбегейлі жойылды. Жаңа жұмыс орындары мен кәсіпорындар ашылды.

Өңірдегі 142 ауыл әкімнің 118-і оқуын аяқтаған. 31-і біліктілікті арттыру курстарынан өтіп жатыр. Жыл басында облыста әкімдерді кәсіби даярлау бағдарламасы іске асырыла бастаған еді. Нәтижесінде жергілікті өзін-өзі басқару жүйесі жолға қойылды.

Бөлісу