Қазақстан мен Грузия Парламенттері Ынтымақтастық меморандумына қол қойды
Қазақстан мен Грузия Парламенттері Ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатта саяси диалогты дамыту, заңнама саласында тәжірибе алмасу жоспарлары қамтылған. Екіжақты уағдаластық Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың Грузияға ресми сапары аясында жүзеге асты. Қазақстандық делегация Грузия Президенті Михаил Кавелашвилимен, сондай-ақ Премьер-министр және Парламент төрағасымен кездесті. Ерлан Қошанов грузиялық әріптесіне Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Қазақстанда жүзеге асырылып жатқан саяси және экономикалық өзгерістер туралы, соның ішінде бір палаталы Парламентке көшу жоспары жайында айтты. Тараптар инвестиция, туризм, өндіріс, агроөнеркәсіп және инновацияларды дамыту бағытында өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетуге дайын екенін білдірді.
Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Осыдан жарты жыл бұрын Грузияның Премьер-министрі Кобахидзе мырза біздің елге ресми сапармен келген болатын. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу барысында елдеріміз көп қырлы қарым-қатынасты нәтижелі дамытуға бағдар алғаны туралы айтылды. Сауда, энергетика, өнеркәсіп, инвестиция, туризм саласындағы ынтымақтастықтың кең перспективалары талқыланды. Біздің парламенттік дипломатиямыз жоғары деңгейдегі уағдаластықтарды іске асыруға елеулі үлес қосатынына сенімдімін.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы