Басты Жаңалықтар Елде 549 мың студент ЖИ курсын тәмамдаған

Елде 549 мың студент ЖИ курсын тәмамдаған

Қазақстанда 549 мың студент жасанды интеллектіні меңгеріп, оқу бағдарламасын аяқтады. Бұл туралы стратегиялық серіктестердің халықаралық форумында айтылды. Қазір елде AI-Sana бағдарламасы сәтті іске асып жатыр. Алдағы уақытта тағы 650 мың адам осы бағытта білім алады. Форумда ЖИ көмегімен бірегей жобаларды ойлап тапқан үздіктер анықталып, арнайы марапатқа ие болды.

Оңтүстік Кореяның сәтсіз тәжірибесін еске түсірген Лука Лантеро жасанды интеллекті білім беру саласына бейімдеуде мұқият болуды ескертеді. Үздік инновациялық технологиялардан бөлек ең бастысы оқушы, ұстаз бен ата-ананың талап-тілегі ұмыт қалмауы тиіс дейді сарапшы.

Лука Лантеро, Академиялық ұтқырлық және эквиваленттік ақпарат орталығының (Cimea) бас директоры:

Цифрлық трансформацияға жаңа қырынан қараған жөн. Бұл, мәселен, университетте барлығын қамтитын демократиялық процесс болуы шарт. Тек оқытушылар мен қызметкерлер ғана емес, сондай-ақ, студенттер, ата-аналар мен серіктестер және саясаткерлер қатысуы керек. Оңтүстік Кореяның мысалына тоқталайын. Елде мектептер үшін жасанды интеллект жүйесін құру үшін 850 миллион АҚШ доллары жұмсалған. Алайда бес айдан соң жоба тоқтап қалды. Себебі бұл процеске студенттер, ата-аналар және мұғалімдер тартылмаған еді.

Қазақстан аймақта академиялық хабқа айналуды көздейді. Шетелдік озық оқу орындарының филиалдары да біртіндіп ашылып жатыр.

Пол Нун, Ұлыбританиядағы Ковентри университетінің кәсіпкерлік және инновациялар жөніндегі проректоры:

Біз қазір өтпелі кезеңдеміз. Студенттерге технологияны этикалық тұрғыда дұрыс пайдалануды үйрету өте маңызды. Оны оқу процесінде барынша тиімді қолдануға жол ашуымыз керек. Дәл бүгінгі іс-шара жоғары білім сапасына қатысты ең маңызды мәселелерді талқылауға мүмкіндік беріп отыр. Осындай жиынның Қазақстанда өтіп жатқаны қуантады.

Форумда AI-Sana бағдарламасымен үздік жоба әзірлеген жастар марапатталды.

Саясат Нұрбек, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі:

Бұл сутденттерді біз жасанды интеллект, стартаптарды, яғни кәсіпкерлікті оқытамыз. Ол үшін біз атақты профессор, Пол Ким Стэндфорд университетінің профессорын шақырдық. Келесі жылдың қаңтарынан бастап екінші кезеңге көшеміз. Үшінші және төртінші кезеңде бұл студенттерімізге қаржы беріледі және есептік қуаттылық беріледі. Яғни, біздің қосылған ұлттық суперкомпьютерлеріміздің бір бөлігі осы студеттік жобаларға берілетін болды.

Қазір Қазақстанда жасанды интеллект технологияларын іс жүзінде қолдануға арналған 137 ЖИ-агенті әзірленген. Ал бағдарламаны іске асыру үшін қуаты 42 PFlops болатын суперкомпьютерлік кластер құрылады. Ол деректі өңдеп, саладағы зерттеулерді дамытуға мүмкіндік береді.


Бөлісу