Атырауда егеуқұйрық қаптады
Атырауда егеуқұйрық қаптады. Нұрсая және Жилгородок ықшам аудандарының тұрғындары дабыл қағуда. Өйткені зиянкестер үйдің ішінде де өріп жүр. Соңғы бір апта төңірегінде кеміргіштер тым көбейіп кеткен. Ал бұқара бұл жұқпалы ауру таратпай ма деп, алаңдаулы күйде отыр.
Бұл қаладағы Нұрсая ықшам ауданында орналасқан тұрғын-үйлердің бірінен түсірілген бейнежазба. Тұрғындардың айтуынша, кеміргіштер тек жертөледе емес, ас үй мен дәлізге дейін кіріп, азық-түлік пен киім-кешекті бүлдіріп жүр. Кей үйлерде балалар бөлмесінде де байқалған.
Сәнім Қажығалиева, Атырау қаласының тұрғыны:
Шықсам, алдымнан кішкентай мысық жүгіріп өтті. Қорыққаннан қолымдағы таяғыммен артынан қудым. Одан былай қарай кіріп, шықпады.
Оразбике Жұмағалиева, Атырау қаласының тұрғыны:
Бір бұрыштан шықты. Шкаф тұр, соны кеміретін сияқты. Түнімен ұйықтатпайды.
Жұртшылықтың айтуынша, егеуқұйрық тек Нұрсаяда ғана емес, Жилгородок ықшам ауданында да қаптап кеткен. Кейбірі өз бетінше у шашып, тұзақ құрғанымен, пайдасы шамалы болып отыр. Ал кеміргіштердің бұлай көбеюі соңғы онкүндікте байқалып отыр. Санитар мамандар айтуынша, кеміргіштер әртүрлі ауру түрін тасымалдайды. Абырой болғанда әзірге ондай дерек тіркелмеген.
Айгүл Ысқақова, облыстық Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Біз оның таралуына мониторинг жүргізбейміз. Көбіне: «Оны кім қарайды? Кім тексереді?», - деп сұрақтар қояды. Бұл біздің құзырымызға берілмеген. Жалпы, мұнымен күрес жұмыстары дератизация жұмысы деп аталады. Яғни, арнайы өңдеу жұмыстары. Бұл жұмыстарды жүргізу жергілікті атқарушы органдардың құзырында.
Соңғы жағдайға орай қалалық әкімдік өкілдері көпқабатты үйлердің тазалығына жауапты тұрғын-үй кооперативтері басшыларына шұғыл жиналыс өткізіп, түсіндірме жұмыстарын жүргізген.
Ғасырбек Төлеген, қала әкімінің баспасөз хатшысы:
Жалпы, тұрғын-үй қатынастары туралы ҚР Заңына сәйкес көпқабатты тұрғын-үйлердің жертөлелерін және кіре берістерін дезинфекция және кеміргіштерді улау жұмыстардың барлығын пәтер иелері кооперативтерімен бірлесіп атқаруы тиіс. Өйткені сол үйдің тұрғындарының ортақ мүлкі боп саналады.
Ал егеуқұйрық
қаптаған үйлердің тұрғын үй кооперативтері жоқ болып шықты. Қалалық әкімдік өкілдері
жуырда жаңасын сайлап, дератизация жұмыстарын жүргізетінін жеткізді. Оған дейін
тұрғындарға жекеменшік компания жалдап, үйлерін уақытша зарарсыздандырып
отыруға тура келеді.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы