Түркі елдерінің арасындағы сауда-саттықты арттыру тәртібін құжатпен бекіту керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркі елдерінің арасындағы сауда-саттықты арттыру тәртібін құжатпен бекіту керек

21.05.2025

Түркі елдерінің арасындағы сауда-саттықты арттыру тәртібін құжатпен бекіту керек. Бүгін Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Қасым-Жомарт Тоқаев осындай ұсыныс жасады. Жиында бірлесіп транзиттік мүмкіндікті арттыру, цифрландыру және ақпараттық технологиялар саласындағы ынтымақтастық мәселелері де айтылды.

Шығыс пен Батыс тоғысқан тұс. Бейресми саммит осындай атаумен өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев алдымен жиынды жоғары деңгейде ұйымдастырған Мажарстанның Премьер-министрі Виктор Орбанға ризашылығын білдірді. Одан соң түркі жұртының татулығын бекемдей түсу мақсатында Қазақстан қабылдаған кешенді шараларға тоқталды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Астанада 11-12 маусым күндері Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының XIV пленарлық отырысы өтеді. Ақтау қаласы биыл Түркі әлемінің мәдени астанасы ретінде жарияланды. Қазақстанның бастамасымен өткен аптада Орталық сайлау органдарының консультативтік платформасы құрылды. Ортақ келісім бойынша биыл маусым айынан бастап Алматы қаласы «Түркі мемлекеттері ұйымының жастар астанасы» атанады. Осылайша біз түркі бірлігін нығайтамыз.

Президент: Транзиттік әлеуетті бірлесе дамыту маңызды

Әлемдегі геосаяси жағдай күрделенген сайын ұйым аясындағы ынтымақтың маңызы артады. Тарифтік саясаттың ушыға түсуі жаһандық сауда-саттыққа да үлкен өзгеріс әкелді. Президент мұндай дағдарысты мүмкіндік ретінде қарап, өнеркәсіп, көлік-транзит, ауыл шаруашылығы, цифрландыру сияқты бағыттар бойынша бірлесе әрекет етуді ұсынды.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Біріншіден, аймақтағы көлік-транзит, энергетика және цифрландыру саласының әлеуеті зор. Орта дәлізді шығыс пен батыстың арасындағы негізгі көпірге айналдыру стратегиялық міндет. Бұл мәселеге айрықша мән беру керекпіз деп ойлаймын. Бауырлас елдерді ірі инфроқұрылымдық жобаларды бірлесіп жүзеге асыруға шақырамыз.

Әсіресе «Солтүстік – Оңтүстік» бағыты бойынша халықаралық көлік қатынасын дамыту түркі елдерінің өңірлік транзит хабы ретіндегі рөлін едәуір нығайтады. Бұдан бөлек Қасым-Жомарт Тоқаев соңғы уақытта халықаралық сарапшылар Транскаспий мұнай және газ құбырларын салу бастамасын талқылап жүргенін атап өтіп, мұндай жобалар өте ауқымды және трансұлттық деңгейдегі ықпалдастықты талап ететінін жеткізді. Ұйым елдері арасындағы алыс-беріске де жаңа серпін керек.

Президент Түркі елдерінің байланысын арттыру тәсілін ұсынды

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Елдеріміз арасындағы сауда-саттықты жандандырып, тауар түрін көбейту қажет. Өткен жылы Қазақстанның Ұйымға мүше елдермен арадағы алыс-берісі 11,4 миллиард долларға жетті. Бұл – еліміздің сыртқы саудасының 8 пайызына тең. Әрине, жақсы көрсеткіш. Дегенмен оны арттыра түсу керек. Осыған орай сауда-саттықты дамыту үшін арнайы құжат әзірлеуді ұсынамын.

Президент: Ғылыми зерттеулер бағытында күш біріктіру қажет

Президент ауыл шаруашылығы және ғылыми зерттеулер жүргізу бағыттарында да күш біріктіру қажеттігін айтты. Мәселен, соңғы жылдары Каспий теңізінің деңгейі айтарлықтай төмендеп кетті. Бұл жағдай аймақтың экологиясы мен экономикасына, халықтың әл-ауқатына кері әсерін тигізіп жатыр. Яғни, экологиялық апат бір елдің емес, тұтас өңірдің бірлесе шешетін проблемасы деді, Мемлекет басшысы.

Жалпы, саммит қорытындысы бойынша мемлекеттер басшылары ұйымның алдағы жұмысына қатысты 4 маңызды құжат қабылдады.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу