Басты Жаңалықтар Ақтөбеде 35 мың орындық стадионның құрылысы басталды

Ақтөбеде 35 мың орындық стадионның құрылысы басталды

Ақтөбеде 35 000 орындық стадионның құрылысы басталды. Жаңа нысан «Алтын орда» ауданындағы әлеуметтік-іскерлік орталық аумағына орналасады. Бұл жерде 700 көрерменге арналған драма театр да бой көтеріп жатыр.
Әлеуметтік-іскерлік орталық аумағында 5 000 орындық спорт кешенінің де құрылысы басталды. Алаң тегістеліп, іргетасы құйылып жатыр. Ал, драма театрының құрылысына 6 гектарға жуық жер бөлінген. Бұл аумаққа үлкен саябақ пен өзге де әлеуметтік нысандар, бизнес орталықтары салынады.
Ержан Мұздыбаев, облыстық құрылыс басқармасының басшысы:

Президентіміздің тікелей тапсырмасына байланысты театрдың құрылысы жүзеге асырылып жатыр. Жалпы қуаты 700 орындық. Қоршау жұмыстары толығымен аяқталды. Астыңғы бетон құю жұмыстары аяқталды. Арматуралық қаңқаларымен бірге іргетасын салу жалғасын тауып жатыр.
Ақтөбе - футбол жанкүйері көп шаһар. Ел чемпионатында өнер көрсететін жергілікті команданың ойындарында көрермендер 13 мыңдық стадионға сыймай қалады. Сондықтан, жаңа спорт аренасы өте қажет еді. 34 980 орындық нысанның құрылысы ресми түрде басталды. Қазір аумақ қоршалып, іргетасының орны қазыла бастады.
Асхат Шахаров, облыс әкімі:
Бұқарлық спорт дамытуға мүмкіндік жасалуда қазір. Министірлік те оны қадағалап отыр. Инфрақұрылыммен қатар жаңа академия салынуға тапсырма берілді, енді біз үлкен деңгейге дайындалу үшін әрине, жағдай жасау керекпіз. Ақтөбе өңірінде былтыр өзіміздің академия ашылды.
Өңір басшысының айтуынша, «Ақтөбе» футбол клубын жекеге беру мәселесі жыл соңына дейін шешімін таппақ. Қазір қызығушылық танытып отырған кәсіпкерлермен келіссөздер жүріп жатыр. Ал, жаңа нысандардың құрылысы 2027-інші жылдың соңына дейін аяқталуы тиіс.

Бөлісу