Елдегі арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін ұйымдардың 92 пайызы лицензия алды. Бұл – қызмет алушылардың 97 пайызы ресми тіркелген мекемелерден көмек алып жатыр деген сөз. Ақпарат Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ресми сайтында жарияланды. Тексеру барысында бұрынғы деректер мен нақты сандардың арасындағы айырмашылық та айқындала түсті. Бұған дейін 135 мың адам әлеуметтік көмек алушы ретінде тіркелсе, цифрландырудан кейін нақты көрсеткіш – 93 мыңның шамасында болып шықты. Сәйкесінше, бюджеттен бөлінетін қаржы көлемі де 31 миллиард теңгеге қысқарды. Сондай-ақ 12 мыңнан астам әлеуметтік қызметкердің 8 мыңнан астамында біліктілік санаты болмағаны анықталған. Қазірдің өзінде 10 мыңнан астам маман арнайы оқытылып, сертификат алған. 530 ұйым лицензия алып, 92 мыңнан астам адамға қызмет көрсетіп отыр. Ал талапқа сай келмеген ұйымдар ескертулерді жойып, қайта өтініш бере алады.
Асылбек Данияр
