АҚШ президенті Д.Трамп дүйсенбіде Ресей басшысы В.Путинмен телефонмен сөйлесетінін, одан кейін Украина президенті Владимир Зеленский және НАТО-дағы одақтастарымен хабарласатынын жазды.
16 мамырда Стамбұлда Украина мен Ресей арасындағы келіссөз өткені мәлім. Ресейдің ұсынысы бойынша. «1000-да 1000» формуласымен тұтқын алмасуға келіскенінен басқа, ауыз толтырып айтатын ешнәрсе жоқ. Ресей делегациясының жетекшісі Путиннің көмекшісі В.Мединский «кездесу нәтижесіне көңіліміз толады және байланысты жалғастыруға дайынбыз» деп мәлімдеп, украиндардың екі президенттің тікелей келіссөз өткізуін сұрағанын айтты. Мұны «түртіп алдық» деген.
Ал бірнеше мысалы, «Reuters» агенттігі дереккөздеріне сілтеме жасап «Ресей Украинаның өздері толық басып алмаған 4 облысынан украиндық әскерилердің толық шығуын талап еткен. Ресей тарабы сонда ғана атысты тоқтатуға келісетінін айтқан» деп жазды. Сонымен бірге «Украина ресейліктер келіссөзде орындалмайтын талаптар қойды» деген» ақпарат таратты.
Иә бұл келіссөз әу бастан АҚШ президентін «ренжітпес» үшін ұсынылғанын, расында ешқандай да мәмілеге келу ойларында жоғын аналитиктер айтты. Сарапшылар соғысты «бір күнде» демей-ақ қоялық, 100 күнде тоқтайды дегенге де илана қоймаған еді.
В.Мединский осы кездесуде Ресейдің 18-ғасырда Швециямен 20 жылдан аса соғысқанын айтқан деп The Economist басылымының тілшісі Оливер Кэрролл өзінің дереккөзіне сүйеніп, Х әлеуметтік желісінде жазды. Ресей делегациясының жетекшісі «Біз Швециямен 21 жыл соғыстық. Сіздер қанша уақытқа дейін соғысуға дайынсыздар?» деген көрінеді...
