Шерзат Полаттың өліміне қатысты сегізінші сот отырысы аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шерзат Полаттың өліміне қатысты сегізінші сот отырысы аяқталды

18.05.2025

Осы аптада Шерзат Полаттың өліміне қатысты сегізінші сот отырысы аяқталды. Бұл жолы 9 сотталушының басым көбінен жауап алынды.

Солардың бірі Нұрқияс Ілиясов марқұмның ағасы Нұрғанат Ғайыпбаев (ол да марқұм) өздеріне қарата мылтық атты, содан кейін қаруды оның қолынан «қорғану мақсатында» тартып алдым, артынша ашу үстінде мылтықтың дүбімен оны түйгіштеп жібердім, -деді. Желке тұсынан көздеп ұрғанын да жасырмады.

Тағы бір айыпталушы Шыңғыс Белғожаев Шерзатты ұрған. Бұл әрекеті көп қабатты үйлердің бірінен түсірілген видеода анық көрінеді. Көздеген адамым Нұрғанат Ғайыпбаев еді, Шерзатты ағасы Ғайыпбаевпен шатастырып алдым, дейді.

Айыпталушылардың тағы бірі - Равиль Сакиев Нұрғанат Ғайыпбаевты тепкілегенін айтты. Сондай-ақ оқиғадан соң Абзал Шынасыл біреуді пышақтадым деп сол Сакиевке айтқан. Алайда нақты кімді пышақтағанын білмедім деген. Ал айыпталушы Дидар Қалиахмет жауап беруге дайын емеспін деп, бас тартқан. Оған судья келесі сот отырысына дейін уақыт берді. Ендігі сот процесі 21 мамырда өтпек.

Айыпталушылардың мораль, иман, тағы басқа қасиеттерге байланысты болмысын сипаттау «сотқа жасалған қысым» болып есептелуі мүмкін. Прокурорлар, адвокаттар және судьяның сөздеріне орай пікір білдіруде.

Екінші жағынан, сот процесі тікелей эфирде көрсетіліп жатыр, ел бәрін көріп отыр.

Сонымен бірге қылмыстық істер мен олардың сотта қаралуын кәсіби түрде талдай алатын профессионалдардың сұрақтарын тіпті, «бұл қалай?» деген наразы пікірлерін оқып отырмыз.

Оның үстіне бұл – мемлекеттегі, қоғамдағы қордаланған проблемаларды жалаңаштайтын қайғылы оқиғалардың бірі. Бірінші кезекте ұйымдасып алып бандалық әрекеттерге баратын, заң да, зәкүн де жоқ топтардың алаңдатарлық деңгейде тайраңдап жүргені...

Қыршын кеткен бозбаланың өліміне кінәлілер түлкібұлаңға салмай тиісті жазаларын толық алулары тиіс.


Хабарламаларға жазылу