«Орталық-Батыс» дәлізінің құрылысын бір айдың ішінде басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Орталық-Батыс» дәлізінің құрылысын бір айдың ішінде басталады

18.05.2025

Мемлекет басшысының аптада өткізген тағы бір шарасы - Қауіпсіздік Кеңесінің көлік-логистика саласына қатысты отырысы.

Президент шекарадан жүк өткізудің қиындығын, көптеген өткізу бекеттерінің жағдайы нашар екенін, сондай-ақ ірі инфрақұрылымдық-транзиттік жобалардың өз уақытынан кешігіп жатқанын айтты. Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасыл дәліз» жүйесін ұйымдастыруды тапсырған. Бұл түсінікті де – қазіргі әлемдік ахуалға қарасақ, еліміздің логистикалық әлеуетін оңтайлы пайдалану керек. Еліміз арқылы өтетін жүк тасымалын арттырып, соның ішінде әлемдік жеткізу тізбегіне қосылуға жанталаса кірісу қажет. Жиын соңында Президент көлік министрі Марат Қарабаевқа сөгіс жариялады.

Осыдан кейін Премьер-Министр О.Бектенов тапсырмаларды орындау керек деген бағыттағы Үкімет отырысын өткізді, сосын Арқалыққа барды. «Орталық-Батыс» дәлізінің құрылысын бір айдың ішінде бастауға пәрмен берді.

«Орталық-Батыс» дәлізі 21 учаскеге бөлінеді. Жол құрылысы Арқалық қаласының маңынан басталмақ. Жаңа автомагистраль Астананы Арқалық, Торғай және Ырғыз арқылы Транскаспий халықаралық көлік бағытымен байланыстырады. Жол салынып болғанда Астанадан батыс облыстарға қатынайтын бағыт 560 шақырымға қысқарады. Құрылыс 3,5 жылда бітуі тиіс.

Дәліз бойында 17 елді мекенде 70 мыңнан астам халық тұрады, сондықтан Торғай өңірі үшін өте маңызды. Халыққа жақсы болар еді. Айтпақшы, қаңқасы ғана қалған Арқалық әуежайын сүріп, жаңасын салады.

Хабарламаларға жазылу