Мысырдың Шарм-эль-Шейх әуежайында жолаушылардың үстіне жарнамалық тақта құлап, қазақстандық әйел мерт болып, тағы екі отандасымыз жеңіл жарақат алған. Оқиға кеше болған. Сыртқы істер министрлігінің өкілдері қаза тапқан адамның туыстарымен байланыс орнатылғанын, оларға Мысырдағы консул барлық қажетті көмекті көрсетіп жатқанын айтқан.
«Мысыр тарапы Қазақстан азаматының қайғылы қазасына байланысты шын көңілден көңіл айтты. Мысырдың азаматтық авиация министрі бұл оқиғаны жеке бақылауына алды және оқиға орнына дереу комиссия жіберді. Қазіргі уақытта тиісті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр», – деді Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі.
Ал «Тенгриньюс» порталының жазуынша, екі адам ауруханаға жатқызылған, екі адамға медициналық көмек көрсетілген. Олар қонақүйде көрінеді. Жалпы, жарнама тақтасының гүрс етіп құлағаны сонша, жолаушылар жарылыс болды ма, деп ойлаған.
