Қазақстанның ет экспорты 1,5 есе артты. Сала мамандары әлі де көрсеткішті көбейтуге қауқарымыз жетеді деп отыр. Ол үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Қандай жаңа нарықтар ашылды?
Елімізде 180-ге жуық ет комбинаты бар. Алайда бәрі бірдей өнімті экспорттай алмайды. 12 жылдан бері үлкен көлемде етті сыртқа шығарып отырған комбинаттың бірі - Шымкентте. Мұнда маусым кезінде мың тоннаға дейін ірі қара етін шет елдерге жөнелтеді. Көрсеткіш әлі де өспек.
Сырым Ертаев, ет комбинатының директоры:
Біз Австралияға барып келдік. Автралиялық тәжірибені енгізу үшін мал бордақылайтын 50 мың басқа арналған үлкен кешенді соғып бітіп жатырмыз. Әрине, бүкіл әлемге ет экспорттау үшін бізге заманауи, талапқа сай ет комбинаты керек. Оның жобасын әзірлеп жатырмыз. Несие алған соң құрылысын бастаймыз. Ол 1 күнде мыңға жуық ірі қара малды соя алады. 1 ауысымда 5 мыңға жуық ұсақ малды соя алатын комбинат соғамыз.
Иә, ішкі өнім етпен 100% қамтылған. Енді экспорттың әлеуетін арттыру басты мақсат. Бұған дейін Өзбекстан, Тәжікстан, Иран, Қырғызстан, Қытай, Араб Әмірліктері сынды елдерге ет жөнелттік. Ал биылғы жылы жаңа нарық бұл – Грузия. Түркиямен де келіссөздер жүргізіліп жатыр. Экспорт көлемінің артуына бірден бір себеп – мал басының көбеюі, сонан соң – сапа. Сондықтан, Қазақстанның еті басқа мемлекеттерге қарағанда қымбатырақ сатылады дейді сарапшылар. Сондай-ақ, аусыл ауруы жоқтығының дәлелденгені де – экспорт көлемінің 1,5 есе артуына сеп болды.
Бағлан Аймырзаев, ҚР АШМ Мал шаруашылығы департаменті директорының орынбасары:
Оңтүстік, Шығыс өңірлер «ящур» дейді ғой, аусыл деген ауруға қарсы саламаттылығы бар, өзінің ашықтығын дәлелдеді. Бүкіл әлемдік ұйым бар мал шаруашылығын қарайтын, солармен жұмыс жасай отырып, ашылған болатын. Ендігі мақсат – Солтүстік, Батыс өңірлерін ашу. Осы өңірлерді ашатын болсақ, экспорт көлемі артатын болады.
Қазақстанның мал еті әлемдік нарықта жоғары бағаланады дедік. Бірақ экспортқа рұқсат алу оңай шаруа емес. Әр мемлекеттің талабы бар. Әсіресе мұсылман елдері үшін малдың қалай сойылғаны маңызды. Сондай-ақ сапаның жақсы болуы – тазалыққа да тікелей байланысты. Қасапшыларға жағдай жасалса – жұмыс та жақсы жүретіні заңдылық.
Алтынбек Алаев, қасапшы:
Малды биссимиля деп соямыз, дәрет алып. Жағдай жасалған, жақсы, жалақымыз 500 мың шамасында шығады.
Жыл сайын мемлекеттен мал шаруашылығы саласын дамытуға 100 млрд теңге қаражат бөлінеді. Соның 40 млрд теңгесі ірі қара етіне жұмсалады екен. «Бірақ етті шұжыққа айналдырып немесе консерві түрінде экспортқа шығару бізге тиімсіз», - дейді кәсіпкерлер. Өйткені Пәкістан мен Индиядан келетін арзан етпен жасалатын консерві, шұжық өнімдерін шетелдіктер көп алады. Сол себепті қымбат етті өңдемей, таза күйінде сату табыстырақ болып тұр біз үшін.
Ақниет Балтанова
Ғани Қалмахан
