9 мамыр күні Мәскеуде әскери шеру ұйымдастырылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

9 мамыр күні Мәскеуде әскери шеру ұйымдастырылды

11.05.2025

9 мамыр күні Ресей жылдағы дәстүр бойынша Жеңіс күніне орай әскери шеру өткізді. Мәскеудегі парадқа отыз шақты мемлекеттен ресми өкіл барған. Басты қонағы әрине, ҚХР төрағасы Си Цзиньпин. Және оның сапары бірнеше күнге созылды.

Сербия басшысы Александр Вучич, Словакия премьері Роберт Фицо, Венесуэла президенті Николас Мадуро, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров та бар.

Қызыл алаңдағы әскери парад екі сағатқа созылды. Шеруге Ресейдің 10 мың әскериі қатысты. Олардың – мың жарымы өздері ашқан мына соғыста болғандар. Бұған қоса, 13 елдің әскерилері де Қызыл алаңнан жүріп өтті. Олардың қатарында Қазақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай, Вьетнам, Египет, Моңғолия әскерилері бар.

Енді бүгін түн ауа жасалған мәлімдемеге келейік. Ресей президенті В.Путин Кремьлге журналистерді жинап, мәлімдеме жасады. Бірақ баспасөз мәслихаты емес. Себебі сұрақ қойғызбаған.

Ол Украинаға 15 мамырдан бастап Стамбұлда тіке келіссөзді жалғастыруды ұсынды. Еш шартсыз. Ал Украинаның жақтастарымен бірге атысты 30 күнге тоқтату туралы ұсынысына орай жақ ашқан жоқ.

Стамбұлда 2022 жылы басталып, артынша-ақ үзілген келіссөзді еске алды. Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанмен хабарласатынын айтқан. Бүгін Ердоған Түркияның келіссөздер өткізетін алаң ұсынуға дайын екенін жеткізді.

Ал кеше Киевте Украина президенті Владимир Зеленскийдің Франция президенті Эммануэль Макрон, Германия канцлері Фридрих Мерц, Польша премьері Дональд Туск және Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармермен кездескені мәлім.

Содан соң ертең - 12 мамырдан бастап атысты 30 күнге тоқтату қажеттігі туралы ортақ мәлімдеме жариялады. Атысты тоқтату үшін ешқандай шарт қоймау айтылған. Ешқандай да «бірақ» немесе «егер» деген қабылданбайды деді Еуропа лидерлері. «Егер Ресей келіспесе, ол қосымша санкцияларға ұшырайды және Украинаны қолдау күшейеді. Санкциялардың жаңа пекеті дайын», - деді Франция президенті.

Бірақ бұл мәлімдемеге орай Кремльдің баспасөз хатшысы Д.Песков «Еуропа бізге ашықтан-ашық қарсы тұр, біз оған үйреніп кеткенбіз» дейді...

Ал бүгін В.Зеленский X әлеуметтік желісінде былай деп жауап қайтарды:

«Бұл жақсы нышан – әйтеуір Ресей соғысты аяқтау мүмкіндігін қарастыра бастады. Бүкіл әлем мұны өте ұзақ күтті. Ал бірінші және маңызды қадам – оқ атуды тоқтату. Қантөгісті тіпті бір күнге де созуға болмайды». Украина президенті Ресей де ертеңнен бастап оқ атуды тоқтататынын растайды деп күтетініне де тоқталды. «Украина келіссөздерге дайын», - деді В.Зеленский.


Хабарламаларға жазылу