АҚШ президенті Дональд Трамп өзінің әлеуметтік платформасында Рим папасы образында шығып, католиктердің ашуына тиді.
Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет Ақ үйдің Х әлеуметтік желісіндегі ресми аккаунтында, басқа да жерлерде жарияланды. Бұл пост бүкіл әлемдегі католиктер Францискті жоқтап, келесі понтификті сайлауға дайындалып жатқанда жарияланып отыр.
Д.Трамп журналистерге «Рим папасы болғым келеді» деп қалжыңдаған.
Нью-Йорктің епископтары кіретін католик конференциясы «Бұл фотографияның күлетін дәнемесі де жоқ, президент мырза! Бізді келеке қылмаңыз!» деп мәлімдеме жасаған.
Ал Украина президенті Владимир Зеленский Ресей президенті В.Путиннің Жеңістің 80 жылдығына орай сол күндері атысты үш күнге тоқтату туралы ұсынысын қабылдамады.
В.Зеленский атысты үш күнге емес, 30 күнге тоқтатуды ұсынды. Ол Путиннің ұсынысын «қойылым» деп атап, «...Неге атысты 30 күнге тоқтату керек деп санаймыз? Себебі үш, бес, жеті күн ішінде ештеңені келісе алмайсың» деген. Путиннің ұсынысына орай Ақ үй өкілдері де «уақытша емес, атысты тұрақты түрде тоқтатуға» шақырған.
Тағы бір айтатын дүние – АҚШ-ң Ресейге қарсы жаңа экономикалық санкция пакетін дайындағанын әлемдік ақпарат құралдары дереккөздерге сүйеніп хабарлап жатыр. Санкциялар энергетика және банк секторына қарсы бағытталған.
Ішінде «Газпром» сияқты компаниялар бар. Мақсат – Мәскеуге қысымды үдету, бірақ Трамптың өзі бұл санкцияларды қолдай ма, жоқ па, әзірге беймәлім. Сонымен бірге АҚШ-тың 70-тен астам сенаторы Ресейге қарсы ірі санкция салу туралы заң жобасын қолдаған. Мысалы, Ресейден мұнай, газ, уран сатып алатын елдерден келетін импорттық тауарға салынатын баж салығын 500%-ға дейін өсіру қарастырылған.
Мұның бәрі Кремльдің «жақаурату» саясатын түсінгеннен болып жатыр ма, сөйтіп жаңа санкциялармен «мұртынан күліп» отырған жақты келісімге отырғыза ала ма?.. Алайда 3 айдан асты, оқ атуды тоқтату әрекетінен көрінген үміт оты сөніп бара жатқандай.
Ақ үйдің «Енді екеуара келіссін, біз қолдан келгеннің бәрін істедік» деген риторикасы күшейгендей. Соғысты тоқтатуға ниеті жоқ деп сипатталатын тараптың құйтырқы ойындары жалғаса беретіндей.
