Апта соңында UEFA президенті Александер Чеферинді Президент қабылдады.
Қ.Тоқаевтың мәліметінше, 1 миллионнан астам отандасымыз футболмен шұғылданады. Бұл – спортпен айналысатын азаматтардың 13 пайызы.
«Мемлекет басшысы отандық футболдың нарық талаптарына сай бизнес моделін қалыптастырып, клуб менеджментін дамыту маңызды екеніне назар аударды. Сонымен бірге UEFA-мен бірге тәжірибе алмасу бағытындағы ықпалдастыққа қолдау білдірді. Бұл мамандар мен жас ойыншылардың кәсіби деңгейін арттыруды көздейді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан спортының дамуына қосқан үлесі үшін Александер Чеферинді II дәрежелі «Достық» орденімен марапаттады», деп хабарлады Ақ Орда сайты.
Футболға қатысты әңгімені жалғастырсақ, бізге келген шетелдік легионерлердің керемет өнер көрсетпегені шын. Енді оларға бюджеттен қаржы бөлінбейді. Заң бекіді. Қаржыны бұқаралық спортқа, оның ішінде балалар спортына құю маңызды екені анық көрінді. Ал мұны қалай істеуге болады?
Ақша керек, әрине. Алайда «осы балалардың шамын жағамын» деген құлшыныстың маңызы – ақшадан бір мысқал кем емес. Мысалы, Ислам Исмаилов есімді өзбекстандық жаттықтырушының шәкірттері Сауд Арабиясында жасөспірімдер арасында өткен чемпионатта жеңімпаз болды.
Кәсібіне берілген жаттықтырушы төрешілердің қиянаты туралы да айтып жүретін. Бұл да өзекті.
Амангелді Сейітханның материалы.
