Дүйсенбі кешкісін Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденовке бұрын соған қарасты мекемеде істеген Ернар Жиенбай әкімдіктің алдында торуылдап тұрып, ғимараттан шыққан бойда оқ атқанын естіп «бұл не сұмдық, бұл не жағдай?» дедік.
Шенеуніктің шопыры оқ атқанды мәшінесімен қағып, тұтқындауға көмектесті деген дерек бар. Ал ауыр жарақат алған Берденовке ауруханада 4 сағат операция жасалған. Өкпесіне, бүйрегіне, бауырына зақым келіпті. Ол «Республика» партиясының мүшесі. Партияластары жағдайы жақсарып келе жатқанын хабарлап отыр. Қастандық қылғанның үстінен қылмыстық іс қозғалды, тергеу жүріп жатыр.
Иә, адамдарда бірден «не болған?» - деген сұрақ туатыны заңды. Істің байыбына бармай сан алуан астар іздей жөнелгендер мен қилы қауесет таратқандар жетеді. Жеке тұлғалар ғана емес, ақпарат құралдары да.
Алайда неше түрлі версияларды «төге салу» жұмсартып айтқанда - жөнсіз. Бұл мәселе Берденовке ғана қатысты емес. Жалпы осындай болжамдар мен комментарийлер аудиторияны шатастырады. Сондай-ақ пікірлердің стилі, астары кейде шошытады, кейде жиіркенішті.
«Кеше ғана жансақтау бөлімінде деп еді, бүгін жұмысқа асықты дейді, қайсысына сенеміз?» деген атүсті немесе әдейі қытыққа тиетін пікірді кәсіби мамандардың жазғаны тіпті біртүрлі.
Ал құзырлы органдарға келсек, өсек-аяңға тұздық болатын информация беріп алып, артынша «монтиып» отыра алмайтындай қылу керек. Екінші жағынан, резонансты істерде мәліметті барынша жылдам берулері тиіс. Түсіндірулері қажет.
