Ұзақ жыл өсімдіктер әлемін зерттеген бағбан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұзақ жыл өсімдіктер әлемін зерттеген бағбан

27.04.2025

Қызылорданың сортаң жеріне бабын тапсаң тропикалық ағаш өсіруге болады. Қала тұрғыны Ыбырайхан Мұсабаев солай істеген. Бағбан ұзақ жыл өсімдіктер әлемін зерттеп, тал мен гүл егуді өзінің сүйікті ісіне айналдырған.

Аймақта ештеңе өспейді деген ұғымды жоққа шығарғандардың бірі. Субтропикалық, тропикалық өсімдіктерді жергілікті климатқа бейімдеп, жерсіндіріп жатыр.

Бағбан шетелден алдырған түрлі өсімдіктің тұқымын алдымен жылыжайда егіп, тәжірибеден өткізеді. Жылыжайда 50-ден аса гүлдің түрі өсіп, жайқалып тұр. Сонымен бірге пальманың екі түрі, жеміс ағаштарының сан алуан түрі бар. Анар, құрма, лимон көшеттері бой алып, былтыр алғашқы жемісін беріпті. Ыбырайхан ағаның мақсаты - туған жерді жасыл желекке орап, тұрғындардың тал мен гүл егуге қызығушылығын ояту.

Мұның бәрін неге тәптіштеп баяндап тұрмыз? Бірінші кезекте өнегелі ісі үшін, еңбекқорлығы үшін. Екіншіден, адамның сүйіп істейтін тірлігі болса, өмірі – жарқын, мән бар, мағына бар. Отбасы берекелі, соны айтқымыз келген.

Хабарламаларға жазылу