Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус апатқа ұшырады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Павлодар-Астана жолында балалар мінген автобус апатқа ұшырады

20.04.2025

Павлодардан Астанаға жарысқа келе жатқан балалар жол апатына ұшырап, жаттықтырушы көз жұмғанын естідік. Көлікте 14-16 жас аралығындағы 16 бала болған.

«Мерседес» маркалы шағын автобустың жүргізушісі жолда келе жатып, жүк көлігін басып озғысы келгенде рөлге ие бола алмай аударылған. Апат «Астана – Ерейментау – Шідерті» жолында болды. Ерейментау аудандық ауруханасына 4 бала жеткізілген. Ем-дом жасалған соң ата-анасының қолхатымен үшеуі үйіне жіберілді. Ал 13 жастағы баланың жағдайы ауыр болғасын, санавиациямен Павлодар облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Бүгін жасөспірімді жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырған. Жағдайы орташа деп бағаланып отыр.

Қаза тапқан жаттықтырушы Әлібек Жандарбекұлы футболдан жаттықтырушы болып 10 жылдан артық жұмыс істеген. Қазақстан футбол федерациясы марқұмның отбасына көмек көрсетілетінін хабарлады. Спорт клубы жекенің меншігінде. Мұнда 5 жастан 16 жасқа дейінгі жасөспірімдер жаттығады. Айтайын дегеніміз, түрлі жарыстарға бара жатқан оқушылар мінген көліктердің апатқа ұшырауы бұл бір емес. Ақтөбе облысында 2,5 жылда 8 оқушы қаза тапқан. Бұл – сұмдық. Біріншіден, жол полицейлерінің қадағалауымен жүру тәртібіне атүсті қарау, екіншіден, көліктердің техникалық жағдайына мән бермеу және жүргізушілердің ереже сақтамауы.


Хабарламаларға жазылу