11 облыс өрт маусымына дайын болмай шықты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

11 облыс өрт маусымына дайын болмай шықты

15.04.2025

Биыл жаз өткен жылдарға қарағанда ыстық болады. Демек, далалы аймақтарда өрт қаупі жоғары болады деген сөз. Экология және табиғи ресурстар министрінің ақпараты осындай. Ал мемлекеттік органдардың жаз маусымына дайындығы жоспардағыдай емес. Мәселен, 8 облыста орман өртін сөндіру станциялары тапшы. Жұмыс істеп тұрғандарының өзі әбден тозған. Әріптесім Оңғар Алпысбайұлы Үкімет отырысында айтылған осы және өзге де мәселелерді толықтырып жеткізеді.

Елімізде 31 млн гектар орман алқабы бар. Соңғы жылдары болған бірнеше үлкен өрттен кейін оларды сақтау үшін бұл бағытқа бөлінетін қаржы еселеп артқан. Алайда, бюджет тапшылығына байланысты қарастырылған 8,7 млрд теңге 3 млрд 100 млн-ға дейін қайта қысқарып қалды. Оның орны Жасыл дамудың утиль алымнан жинаған қаржысымен толтырылды.

Ерлан Нысанбаев, ҚР Экология және табиғи ресурстар министрі:

Орман шаруашылықтарын жарақтандыру мақсатында лизинг арқылы 35 млрд теңге қарастырылған. Қабылданған шаралар еліміздің орман өрті ең көп орын алатын 11 өңірдің орман шаруашылықтарының техникасын жаңартып оларды 100%-ға жарақтандыруға мүмкіндік береді.

Қаржы тек өрт ошақтарын ерте анықтауға арналған дрондар алуға жетпеген. Экология министрі осы мәселені шешуге 11 млрд теңге қажет екенін айтып, Олжас Бектеновтен қосымша ақша бөлуге ықпал етуін сұрады. Премьер-Министр алдымен қыруар қаржы талап етпейтін қарапайым жұмыстарды уақытылы атқаруды сұрады.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-Министрі:

Жамбыл, Қостанай, Түркістан, Ақтөбе, Қарағанды, Абай, Жетісу және Ұлытау облыстарындағы елдімекендердің айналасынан минералды белдеу жасау жұмыстары басталмаған. Ақтөбе, Павлодар, Қызылорда, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай, Түркістан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының орман мекемелері өрт қаупі жоғары кезеңге дайын емес.

Орман өртімен күресте жаңа цифрлық технологиялар да пайдаланылмақ. Жаслан Мәдиев өрттің таралу бағытын, жылдамдығын анықтайтын жаңа жобаның сынақтан өткізіліп жатқанын айтты.

Жаслан Мәдиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:

Өрттерді модельдеу тәсілі метеодеректер негізінде жел бағыты, еңіс және жанғыш материалдардың ылғалдылығын ескере отырып жүргізіледі. Осы арқылы өрттің таралу бағыты мен жылдамдығын анықтауға болады. Жақын арада сынақ аяқталған соң құрал Tabigat ақпараттық жүйесіне енгізіледі.

Ал Төтенше жағдайлар министрлігі өрт қаупі жоғары кезеңнің басталуына байланысты азаматтарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырады.

Кеген Тұрсынбаев, ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі:

Қайғылы оқиғалардың алдын алу үшін қарапайым ережелерді сақтау қажет. Ең алдымен, әрбір азаматымыз табиғат аясында және тұрғын үйлердің жанына жақын жерде от жақпасын, құрғақ шөптерді, қоқысты және тұрмыстық қалдықтарды өртемесін. Түтінді немесе отты байқаған жағдайда бірден «101» немесе «102» нөміріне хабарласыңыз.

Олжас Бектенов Абай және Павлодар облыстарында болған табиғи өрт кезінде мемлекеттік органдардың бірлесе жұмыс істеу алгоритмі орындалмағанын айтып, ескерту жасады. Осы екі өңірдегі өрттің шығу себептерін тексеріп, кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Оңғар Алпысбайұлы


Хабарламаларға жазылу