QazaqGaz ұлттық компаниясы соңғы үш жылда 700 млрд теңгеге инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асырған. Астанада өткен Energy Trends форумында компания басшысы Санжар Жаркешов газ саласының өткенін саралап, болашақ жоспарымен бөлісті.
QazaqGaz ұлттық компаниясы елімізді газбен үздіксіз қамтамасыз етіп, газ тасымалдау жүйесінің сенімділігін арттыруда. Қашағандағы газ өңдеу зауытының құрылысы, солтүстік шығыс аймақтарды газдандыру, «Орта Азия – Орталық» магистральдық газ құбырын күрделі жөндеу, «Талдықорған – Үшарал» газ құбырын салу. Бұл жұмыстардың қатарына елімізді газдандыру бойынша жүргізілген жобалар да кіреді.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Бұл дегеніңіз еліміздің қауіпсіздік мәселесі, екіншіден инвестициялық тартымдылығын арттыратын үлкен жұмыстар. Өйткені инвесторлар инфрақұрылымды талап етеді. Елімізде газдандыру мәселесі артып жатыр. Облыстар бойынша Энергетика министрлігімен, жергілікті атқарушы органдармен газдандыру мәселесімен айналысып жатырмыз. Қазіргі күні 62 пайызды құрайды елімізді газдандыру көлемі. Ол еліміздің әлеуметтік дамуы, тұрақтылығы. Сондықтан мемлекет басшысының тапсырмасын орындап жатырмыз.
Ол сондай-ақ салада жүйелі геологиялық барлау жұмыстарының басталып, алғашқы нәтижелерді беріп жатқанын айтты. Қазақстандық және шетелдік инвесторлар тартылып, алғашқы газ ағыны тіркелген. Астанада өткен Energy Trends форумында QazaqGaz ҚазАзотпен Ақтөбе облысындағы кен орнын игеру бойынша келісімшартқа қол қойды.
Санжар Жаркешов, «QazaqGaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
Біз геологиялық учаскелерінің бірі – Северный деген участок бар. Ол Арал теңізінің маңайында. Газ потенциалы өте жоғары учаске. КазАзот компаниясымен келісімшартқа қол қойдық. Бұл нақты геологиялық барлау жобасы. Бұрғылау жұмыстары басталады.
Сонымен қатар бизнес өкілдері мен үкімет мүшелері бас қосқан Energy Trends форумы болашақта «Астана газ форумына» айналмақ. Жаңа алаңда елдің энергетикалық қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, сондай-ақ түйткілдердің түйінін шешуге бағытталған мәселелер талқыланады.
Динара Жарқынбек
