Цифрландыру дәуірі: Инновация мен стартаптар форумы
Шымкентте өткен цифрлық технологиялар мен инновацияларға арналған форумда саланы дамыту, инвестиция тарту және стартап жобаларды қолдау мәселелері талқылануда. Форум аясында жаңа технологиялық шешімдер таныстырылып, олардың түрлі салада тиімді қолданылып жатқаны көрсетілді. Сарапшылардың айтуынша, мұндай жобалар экономиканың дамуына серпін береді.
Дания Ахметова, форум ұйымдастырушысы:
Жиынға Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің делегаттары да қатысты. Іс-шара барысында инвестиция тарту, саланы дамыту, таланттарды іріктеу және ірі стартаптарды біріктіру бағытында нақты жұмыстар пысықталды. Ал көрме экспозициясы Digital Qazaqstan стратегиясының негізгі бағыттарын толық қамтиды. Негізгі басымдық таланттарды танытып, оларға қолдау көрсетуге бағытталады.
Тимур Макенов, «Ғылым және білім эндаумент» қорының директоры:
Біздің қорымыз елімізде инновацияны дамытуға тұрақты түрде қолдау көрсетіп келеді. Бүгінгі көрмеде қор тарапынан қаржыландырылған бірқатар жоба ұсынылды. Оларды бірегей бастамалар деп толық сеніммен айта аламын. Бұл жобалар әлеуметтік, білім беру, ғылым және медицина салаларын қамтиды. Ерекше атап өтерлігі – олардың барлығы студент жастардың еңбегімен жүзеге асқан. Алдағы уақытта да осындай жобаларды қолдау жалғасын табады.
Жаңа технологиялық шешімдер қазына қаражатын үнемдеуге мүмкіндік береді. Соның бірі – Alaqan стартапы. Адамды алақаны арқылы танитын биометрикалық жүйе бүгінде банк және білім беру салаларында кеңінен қолданылып келеді. Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы – Damumed қосымшасы қызметтерді қолжетімді етіп отыр. Ол дәрігер мен пациент арасындағы байланысты жеңілдете түседі.
Берік Нұрымбетов, «Alaqan» жобасының негізін қалаушы:
Егер дәл осы қарқынмен дамитын болсақ, онда Қазақстан Орта Азиядағы цифрлы хабқа айналып қана қоймай, әлемге технологиялық шешімдерін экспорттай алады. Мәселен, біз «Alaqan» сервисін 7 елге шығарып отырмыз. Қазақстанда 1 миллион адам біздің сервисті қолданады. Мемлекетке процестерді ашық етуге көмектесіп, 4 млрд теңгеден аса бюджет қаражатын үнемдеуге ықпал еттік.
Талғат Елеманов, «Damumed» ЖШС басқарма төрағасы:
Бүгінде Қазақстанда Damumed мобильді қосымшасын пайдаланушылар саны 5 миллион 300 мың адамнан асты. Бұл – дәрігерлер мен пациенттер арасындағы байланысты жеңілдететін, жасанды интеллект элементтері енгізілген цифрлық платформа. Жүйе 2015 жылдан бері тұрақты жұмыс істеп келеді және медициналық қызметтердің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға ықпал етуде.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы