3 мыңнан астам ІТ маманды біріктірген хакатон бастау алды
2030 жылға қарай ЖИ-дің әлемдік экономикаға қосатын үлесі 22 трлн доллардан асуы мүмкін. Бұл туралы Шымкентте алғаш рет өткен Digital Qazaqstan 2026 форумында белгілі болды. Жиында Еуразияның цифрлық интеграциялық мүмкіндіктері қаралды. Әлемнің 130-дан астам елінен келген меймандарға Қазақстанның цифрлық индустриясының жетістіктері таныстырылды.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
Енді шалғайдағы ауылдарға пошта немесе дәрі-дәрмекті мынадай дрондар тасымалдайды. Ал мына жол таңдамайтын роботтың көмегімен салмағы ауыр жүкті елді мекендерге ешқандай қиындықсыз жеткізуге болады.
Одан бөлек мынадай қағазға түсіргеніңізді лезде экранға шығарып, қатеңізді әп сәтте түзей салатын «QalamAI» жобасы көпшілік назарына ұсынылды. Бұл оқушы мен мұғалімнің жұмысын жеңілдетуге арналған құрылғы екен.
Бауыржан Батырбалинов, IT маманы:
Сіз қарапайым қаламмен жазып жатқан әсер алуыңыз мүмкін, бірақ бұл өте ақылды құрылғы. Сіз салған сурет пен мәтінге сараптама жасап, дұрысын шығарып береді. Оқушылар жасанды интеллектінің көмегімен жаңа тақырыптарды тез меңгере алады.
Көрмеге қойылған жобалардан көз сүрінеді. Санына сапасы сай туындыларға инвесторлардың қызығушылығы ерекше болды. Тіпті қолдау ретінде миллиондаған доллар ұсынып жатқандар бар. Тағы таңдай қықтырар жоба ол – AI-агент – AlemGPT. Биыл іске қосылатын сервистің арқасында мемлекеттік қызметтерді онлайн алу қазіргіден де жеңілдей түседі.
Нұрмахан Закарин, «Astana Hub» халықаралық технопаркінің өкілі:
Жасанды интеллектінің бот «e-GOV-тың» қызметтерін бір алаңға жинайды. Адам өзі пронт жазу арқылы маған анықтама қажет дейтін болса, сол жасанды интеллект өз тауып береді. Адамға іздеп отырудың ешқандай қажеті болмайды.
Мұндай ауқымды шара Шымкентте алғаш өтіп жатыр. Мамандардың айтуынша, бұл – цифрлық дамуға елімізде барлық өңірде бірдей мүмкіндік беріледі деген сөз. Форумға әлемнің 130 елінен 500 спикер, 300 инвестор келді. Жалпы қатысушылар саны мыңдап саналады.
Жиында инвесторлар мен IT мамандарынан бөлек, Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің премьер-министрлерінің де басы қосылды. Тараптар Еуразиялық интеграцияны дамытуға қатысты, оның ішінде өнеркәсіп кооперациясы, кедендік реттеу, экономикалық тұрақтылық, цифрлық трансформация, тұтынушылардың құқықтарын қорғау мәселелері талқыланды.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
Бүгінде Қазақстан цифрландыру мен жасанды интеллект жаңа экономикалық модельдің негізіне айналатын кезеңге қадам басты. Сондықтан Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялап, бұл саланың еліміз үшін айрықша маңыздылығын атап өтті. Өздеріңіз білетіндей, биыл Қазақстанда ауқымды саяси оқиғалар мен жаңарулар болып жатыр. Еліміздің азаматтары жаңа Конституцияны қабылдады және онда алғаш рет конституциялық деңгейде цифрлық құқықтар бекітілді. Бұл саланың одан әрі дамуына елеулі серпін беріп қана қоймай, мемлекеттің стратегиялық басымдықтарын да көрсетеді.
Форум барысында Astana Hub пен «Бәйтерек» холдингі стартаптар мен IT-экспортты дамытуға уағдаласты. Бұл – IT-компанияларға қолдау көрсетудің қаржылық инфрақұрылымын күшейтетін стратегиялық серіктестік.
Нұрсұлтан Тілектес, тілші:
2030 жылға қарай ЖИ-дің әлемдік экономикаға қосатын үлесі $22 трлн-нан асуы мүмкін. Қазақстан да, көрші елдер де көштен қалмауы тиіс. Сондықтан бүгінгі форумның маңызы орасан. Жиын барысында Премьер-министр халықаралық компанияларды Қазақстанда зерттеу хабын ашуға шақырды.
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы