Аптадағы қоғамдық маңызы бар оқиғаларға тоқталсақ. Былтыр қазан айының басында Талғарда 16 жастағы Шерзат Болаттың кісі қолынан қаза табуына байланысты қылмыстық іс сотта қаралып басталды.
Дәлірегі - соттағы алдын-ала тыңдау бейсенбіде Талдықорғанда өтті. Сот отырысына 9 айыпталушы жеткізілді. Тергеу барысында 40 сот сараптамасы жүргізіліп, 200 куәгерден жауап алынған. Қылмыстық іс 62 томнан тұрады.
Сот отырысына қатысушылардың пікірлерін ескере отырып, сот талқылауды ашық режимде өткізу туралы шешім қабылдады. Яғни онлайн трансляция жүргізіледі. Жәбір көрген тараптың өтініші бойынша сот алқабилердің қатысуынсыз өтеді.
Өңмеңдеген сатып алушымен басталған жанжалдың соңы Шерзаттың өлімімен аяқталғаны бәрімізді шошытқан. Шерзаттың отбасының жарты жылдан бері көрмегені жоқ. Үйлерін өртеп кетті, көкесінің денесі табылды, әкесі 15 күнге қамалды...
Алдын ала тыңдауда прокурор басты айыпталушы Абзал Шынасыл деді. Шерзатқа сол пышақ сұққан. «Шынасыл асқан қатыгездікпен пышақ тығып алады, Шерзат соққыны ауырсынып, қашады. Бірнеше метрден кейін құлайды... Олар Шерзаттың жағдайына қарамай, тепкілейді, ұрады. Басынан да»,- деді прокурор.
Соттағы басты талқылаулар келесі аптаның бейсенбісінде басталады.
