Ұлттық арнаның Жаңа жылға тартуы! - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ұлттық арнаның Жаңа жылға тартуы!

25.12.2017

Жаңа жылға тарту! Ұлттық арна  көрермендеріне мейрам қарсаңында бірнеше сый әзірлеп отыр. Әртүрлі жастағы қазақстандықтардың талғамы ескеріліп, түрлі жобалар ұсынылмақ. Мерекелік бағдарламамен корпорация басшысы Ерлан Қарин таныстырды.

Жаңа жыл қарсаңындағы Ұлттық арнаның басты сыйлықтарының бірі – «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» телехикаясы. 6 бөлімнен тұратын фильм бүгіннен бастап 30 желтоқсанға дейін күнде сағат 21:45-те көрсетіледі. Бұл телехикаяда махаббат та, халықтың тұрмыс-тіршілігі де, ұрыс қимылдары да бар. Тарихи сериалда сол кездегі өмірді барынша шынайы жеткізу үшін декорация мен бұйымдарға үлкен мән берілген. Сондай-ақ, кейіпкерлерді кәсіби актерлерден бөлек халық арасынан шыққан талантты жандар да сомдады.

Кішкентай көрермендердің де көрері бар. Арнамыз әйгілі «Уолт Дисней» кинокомпаниясының «Рапунцель» мультфильмін қазақ тіліне аударып, дубляжын жасады. Оны желтоқсанның 31-і сағат 12:35-те тамашалауға болады. Жалпы, бұл күндердегі бағдарлама мерекелік көңіл-күй сыйлау үшін арнайы ойластырылған. Езутартар жаңа жобалардан бөлек, Ұлттық арна өткен күннің ескірмейтін өнімдерін де ұсынады. Көрермен көзайымына айналған алғашқы әзіл-сықақ театры «Тамашаның» 90-жылдардағы ең үздік қойылымдары көрсетілмек.

Ерлан Қарин, «Қазақстан» РТРК» АҚ Басқарма төрағасы:

 - Жаңа жылдан кейін біздің эфирге бірқатар жаңа жобалар енетін болады. Түрлі аудиторияға арналған әртүрлі жанрдағы жаңа бағдарламалар топтамасы күтіп отыр.

Ұлттық арнаның осы жылдағы жаңа, әрі бірегей өнімдері «Үміткер» жобасының ақтық шығарылымы және «Мен қазақпын» мегажобасының гала-концерті желтоқсанның 30-ы күні эфирден өтеді. Ал, тауық жылын арнамыз «Сыңғырлаған сиқырлар» мерекелік бағдарламасымен қорытындылайды. Ертегі желісімен түсірілген шоу 31-і күні сағат 22:30-да басталып, көрерменге ғажайып көңіл-күй сыйламақ.

Альбина ӘШІМ

Хабарламаларға жазылу