Жыл басынан бері интернет алаяқтар қазақстандықтарды 3 млрд теңгеден астам шығынға батырған. Ал Шығыс Қазақстан облысында небәрі 4 айдың ішінде тұрғындар 300 миллион теңгесінен айырылған. Алаяқтарға қарсы екі жүзден астам іс қозғалып, бүгінге дейін оның тек 30 пайызы ашылды. Нәтижесінде жапа шеккен азаматтарға 60 миллион теңге қайтарылды. Дегенмен алаяқтарға алданғандар әлі де азаймай тұр.
Қорлан Туғанбаеваның шағын дүкеніндегі QR жапсырмасын алаяқтар пайдаланған. Яғни онлайн отырып, біреуден алдап алған қаржыны дүкеннің есепшотына аударады. Одан соң бірден сол алаяқтың өзі алданған кейіппен қаржыны қайтаруды талап ете бастайды.
Қорлан Туғанбаева, Өскемен тұрғыны:
Басында мән берген жоқпын. Бірақ кейіннен белгісіз бір адамдар маған хабарласып, осы түскен төлемдерді, басқа бір шоттарға жіберуді өтінген болатын. Басында ол өтініш ретінде болды. Екіншісінде бопсалау түріне көшті. Кейіннен бірден жергілікті полиция бөліміне хабарласып, осы жайтты түсіндіріп, маған келіп түскен төлемдерді өз иесіне қайтарып бердім.
Қайтара алмай жүргендер де көп. Өйткені алаяқтар адамдарды алдауда түрлі әккі әрекеттерді әбден меңгерген. Бұрын көбінде жасы егделер алданса, қазір жастарды да сан соқтырады. Бүгінгі күні полицияға шағымданатын тұрғындардың 90 пайызы иентернет арқылы алданғандар.
Нұрай Арыстанбек, ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының аға жедел уәкілі:
Жасалған анализге сүйенетін болсақ, орта жастағы адамдар, яғни 25-50 жасқа дейінгі адамдар көбінесе интернет алаяқтықтардың құрбаны болып жатыр. Ал осы жастарға тоқталатын болсақ, жастарымыз, өкінішке қарай, дроппер ретінде интернет алаяқтардың алдау-арбауына түсіп, қылмыскер, күдікті ретінде тіркеледі.
Бүгінге дейін аляқатарға қатысты қозғалған істің көбінде қаржысынан қағылған азамат пен күдіктінің ортасында үшінші тұлға бар екені анықталды. Мұны дроппер деп атайды. Алаяқтар қаржыны аударуда немесе қолма-қол сомаға айналдыруда сол дроппердің есепшотын пайдаланады. Ол заңсыз әрекет екенін білмеуі де мүмкін. Сондықтан мұндай жеңіл қаржы табу жолына студенттер мен жасөпірімдер барады.
Дархан Қамалханов, ШҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы:
Бірақ та қылмыс жасалғаннан кейін ҚР Азаматтық кодексінің 953-бабына сәйкес ол ақшаның барлығын жасөпірімдердің шотынан 15-20 миллион ақша өтетін болса, студент сол ақшаны сотта жәбірленушіге, арызданушыға 100 пайыз қайтарады.
Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы құрылған биылғы 1 қаңтардан бері жұмыс жүйелене бастады. Қазір жедел іс шара өтіп жатыр. Оған қоса колледждер мен жоғарғы оқу орындарындағы оқытушыларға киберқылмысқа қарсы күресетін полиция қызметкерлері арнайы семинар тренигтер ұйымдастырып келеді.
Олжас Керейхан
