Ірі көлемде бюджет қаржысын жымқырды деп айыпталып, Түркістан облысы Сарыағаш аудандық білім бөлімінің оншақты қызметкеріне сот үкімі шықты. Білім бөлімінің басшысы мен орынбасарына және есепшілеріне 2016-2023 жылдар аралығында бюджеттің 547 млн теңгесін – жарты миллиардтан аса ақша жымқырды, талан-таражға салған деген айып тағылды. Олар білім бөлімі мен аудан мектептерінде жұмыс істемеген адамдарға жалақы аударып отырған. «Өлі жандар» схемасын қолданған. Кейбір сотталушылар кінәсін мойындамаған, үшеуі жартылай мойындаған, төртеуі қылмысын толық мойындап, шығынның өздеріне тиесілі бөлігін өтеген.
Сарыағаш аудандық соты жетеуін 7 жылға бас бостандығынан айырды. Екеуінің жазасы шартты деп есептеліп, біреуіне 2 жыл жаза тағайындалды. Тағы екеуі 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын алды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ. Айта кетейік, сотты болғандардың арасында бұған дейін кісі өлтіруге тапсырыс бергені үшін сотталған, білім бөлімінің бұрынғы басшысы Бауыржан Майрихов та бар.
Сондай-ақ Шымкент қаласы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Дәуренбек Қожабаев 11 жылға бас бостандығынан айырылды. Ол туралы біз айтқанбыз. 42 млн теңге пара алған Дәуренбек Қожабаев – Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агентігі төрағасының орынбасары Мақсат Қожабаевтың ағасы. Ал Мақсат Қожабаев 2023 жылдың қараша айында «өте ірі көлемде алаяқтық жасағаны» үшін 5,5 жылға бас бостандығынан айырылған.
