Шымкент қаласындағы дендро саябағына егілген ағаштардың жартысынан астамы бас-аяғы 14 жылдың ішінде тамырына дейін қурап, жойылып кеткен. Ал ерекше қорғалатын аймақты шетінен жырымдап, төңірегіне үй салып алғандардың жерін мемлекетке қайтарып алу әзірге мүмкін болмай отыр.
Дүниежүзіндегі ағаштардың гендік қоры жасақталған дендро бақ 2009 жылы өз алдына дербес мекеме болып құрылғанда оның аумағында 560 түрлі жасыл желек бары анықталған. Қазір содан қалғаны небәрі 214 қана. Біразы қарауы келіспегендіктен, көктей солды. Енді біразы іргедегі жолайырық құрылысы басталғанда су арнасы бітеліп қалып, қурады. Орманды аймақтағы ағаштарды көбейту ісі енді қолға алынды. Көршілес Өзбекстан және еліміздің өзге де аймағындағы бақтардан саябақта жоқ ағаш түрлері әкелініп, егілуде.
Есдәулет Керімбекұлы, қалалық дендрарий бағының директоры:
184 түрлі тұқым алып келдік, олар біздің дендропаркте қайталанбайды. 84 қаламша, одан бөлек 37 көшет. Сол 37 көшет 214-ке қосылып, 251 түрге жетіп отырмыз.
Саябақта ағаш түрлері азайғанымен қоса, жері де тарылып кеткен. Мәселен, элиталық үйлерге апаратын мына жолдың асты бір кездері саябақ меншігінде болған. Қазір тақтайдай тегіс асфальт төселіп, бөтен жұрт мазасын алмау үшін шлагбауыммен бекітіп те алған.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Саябақ аумағының шекарасында бүгінде мынадай зәулім көпқабатты үйлер мінгестіре салынып жатыр. Олардың кейбірі тіпті осылай қарай қақпа да шағырып алған. Бұл аумақ демалыс орнының қараусыз қалып кеткенін пайдаланып, жекенің меншігіне өтіп кеткен. Осылай дендро бақ 45 жылдың ішінде 7 гектар жерінен айырылып отыр.
Жайлы ортаны дамыту басқармасы бақтың тағы бір бүйіріндегі үйлер салынған 3 соттық болатын жерді даулап, жуырда сотқа жүгінді.
Сәрсен Құранбек, қала әкімінің орынбасары:
Бірақ сотта анықталғанындай, бұл жерлер о бастан дендробақтың көлеміне кірмеген, жақын орналасқан аумақтағы жер болған, сондықтан біздің басқарма сотта жеңіліс тапты.
Дендробақтың жалпы аумағы 117 гектар екені туралы құжат болғанымен, оның шекаралары нақты қай жерден басталатыны былтырға дейін белгісіз болып келді. Топоргафиялық және жобалау жұмыстары жүргізілген соң ғана сәйкестендіру ісі аяқталды. Сондай-ақ саябаққа ерекше қорғау аймағы мәртебесі берілді.
Ғани Қалмаханов
