Шекарадағы ауылдарды дамытудың кешенді нақты кешенді бағдарламасы болуы тиіс. Сонда ғана алыс ауылдардағы көші-қон тоқтап, ел шеті жалаңаш қалмайды. Бұл ұлттық қауіпсіздік мәселесі екенін айтқан Президент Үкімет пен облыс әкімдеріне қайтадан құрылған шекаралық аудандарды дамыту бойынша нақты тапсырма жүктеген еді. Ал шығыстағы елдің ең шетіндегі Шанағаты ауылының қазіргі тіршілігін тілшіміз Олжас Керейхан арнайы барып, көріп келді.
Елу градус аяз болса да, мұндағы ел өз ауылын тастап ешқайда көшкісі жоқ. Қазір Шанғатыда 20 түтін отыр. Бірнеше тұрғын орман шаруашылығында еңбек етеді. Негізгі күнкөріс көзі мал.
Есен Дүзкеев, Шанағаты ауылының тұрғыны:
Ауылдан ешқайда кеткіміз келмейді. Осы ауылда тұрамыз. Малымыз бар, техникамыз бар. Қызылағаш жағамыз. Оның түтіні қайда жатыр. Жазда жолды көтереміз деп отыр. Бізге сол жолды көтерсе, ол жақсы.
Жол деп отырғаны сорап із ғана. Қыста Алтайдың ақ бораны апталап соққанда сыртпен байланыс үзіледі. Жарық та болмай қалады.
Ойрат Шекақов осы ауылда туып-өскен. Күннен энергия алатын панелдерді жеке шаруашылығы есебінен алған. Қазір жылқы өсіреді. Ауыл шекараның сақшысы дейді.
Ойрат Шекақов, Шанағаты ауылының тұрғыны:
Шекара жалаңаш қалмас үшін отырмыз. Мына жерде шекара тұр. Шекара кетіп қалса, жер жалаңаш қалды. Кезінде шекара заставасы тұрған. Болашағы жоқ деді ме, ақырын-ақырын бұза бастады. Істеп тұрған застава болған. Застава мұнда болған кезде мектепке бала да барар еді. Адамдарға жұмыс та болар еді. Халық та ақырын көшіп келер еді.
Көшіп келіп жатқандар да бар. Былтыр ауылға екі отбасы келіп қоныстанған. Ал қарағайдан қиып салынған ескі мектепте қазір 5 оқушы бар.
Гүлзайра Омарғазықызы, бастауыш сынып мұғалімі:
Мәселе жол және интернет болса, болды. Мен осы мектепте 38 жыл жұмыс істедім. Бар күшімді салып келемін. Бізде бастауыш қой. Балалар қайда барады дейміз? Кішкене ғой әлі.
Шанағатыдағы жоғарғы сынып оқушылары көрші Төсқайың ауылындағы мектеп-интернатта оқиды. Биыл жазда екі ауылдың ортасындағы жол жөнделмек.
Рүстембек Кемешов, Марқакөл ауданының әкімі:
Ол жерде мынау көктемде саз балшық болып кететін жол. Соған байланысты есептерін мамандар түгел аяқтады. Оған шамаммен 500 миллондай көлемде ақша керек болады. Біз енді бір жылда аяқтамсақ та, екі жылда аяқтасақ деген ойдамыз.
Жол мен жарық және телефон байланысы реттелсе, басқа мәселе жоқ. Елдің шетінде, шекараның күзетшісіндей шағын ғана Шанағаты ауылы осылай бұйғы тіршілік ете бермек.
Олжас Керейхан
