Халықаралық панорамаға келсек, «Батыс майданда өзгеріс жоқ» демекші, бәрі құр сөз күйі қалып тұр. Д.Трамп пен В.Путиннің телефонмен 2 сағат сөйлескені атысты тоқтатпады. Хоккей ойнауға келіскендері әрі күлкі, әрі түрпі...
Қазіргі әлемдік саясатты мықты саясаттанушылар мен эксперттер тарихтың жаңа белесі деп сипаттайды. Бұрынғы қалып күйреп, жаңасының контуры сызылып жатыр.
Ол бір сәтте айқындалмайды да. Алайда Ақ үйдің ұстанымына, келіссөздеріне қарап, жаңа емес, көне тарих еске түседі.
Дәлірек айтсақ, 1945 жыл ақпанда өткен Ялта конференциясы. Екінші дүниежүзілік соғыстың аяқталуына сәл қалғанда КСРО, АҚШ және Ұлыбритания басшылары жиналған. Соғыс біткесін әлемдік тәртіп қандай болатынын талдаған. Сонда Иосиф Сталин Шығыс Еуропада үстемдік ету мақсатына жеткенін білеміз...
Соғысты бастағаны, қаншама мың адамның ажал құшқаны, миллиондаған адамның босып кеткені, қаншама елдімекен мен қаланың қирағаны есепке алынбаған келіссөздер барысында Д.Трамптың «2 мыңнан аса украин солдаты қоршауда тұр» деген фейк ақпаратқа сенгеніне не күлеріңді, не жыларыңды білмейсің.
Әлі келетінге жала жауып, артынша «Мен солай дедім бе? Шын ба?» дейтін бұл президенттің екі айда төпелете жасаған мәлімдемелері жұртты тіпті шаршата бастады.
Бірақ АҚШ-тың жетекші рөліне байланысты тыңдамасқа лажың жоқ. Сауда немесе тариф соғысы деп аталатын құралы туралы айтпақпыз. Соғыстың кесірі сияқты, мұның да кесірі бар бізге. Амангелді Сейітхан тарқатады.
