Уақыт бойынша бір белдеуге көшудің еш зияны жоқ деп мәлімдеді, Үкімет. «Жүргізген зерттеу қорытындысы денсаулыққа да, балалардың оқу үлгеріміне де әсері жоқ екенін көрсетті. Тұжырымды AMANAT партиясының фракциясы қолдады», - деді премьер-министрдің орынбасары Ермек Көшербаев.
Шығыс пен Алматы жұрты қайта-қайта сұрақ қойғасын, Үкімет ғалымдардың пәтуәсін тыңдайық деген. Алдымен зерттеуге бірнеше миллион теңге бөлінеді деді, сосын қолда бар мәліметтердің екшелетінін айтты. Екшеп болғасын қоғам мәмілеге келді деді.
Е.Көшербаев «Басқалар, өзіне ыңғайлы күн тәртібін енгізген Шығыс Қазақстан облысынан үлгі алса болады. Бұл көп мемлекетте қолданатын тәсіл» деді.
Иә Шығыс Қазақстан облысының 11 ауданында және Риддер қаласында жұмыс күні 8-де басталып, кешкі 5 жарымға дейін созылады. Түскі ас 12-ден 13.30-ға дейін. Айтпақшы Риддерде жергілікті тұрғындардың айтуынша, бұл мәселе көпшілікпен талқыланбаған, бұл тек әкімдік жұмысына қатысты деген.
Не болса да нүкте қойылды. Президент: Біздің кең-байтақ жеріміз бар, халқымыздың саны да салыстырмалы түрде алғанда көп емес. Сондықтан елімізде бірыңғай уақыт белдеуі болуға тиіс. Бұл тәсіл мемлекетті басқару ісін жеңілдетеді, логистика мен көптеген бизнес-үдерісті оңтайландыруға септігін тигізеді, - деді Ұлттық құрылтайда.
