Жезқазған қаласында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде әйгілі қолбасшы Кетбұқа ақынға ескерткіш ашылды. Баба мүсінінің авторы Асқар Нартов. Кетбұқа жыраудың есімі тарихта әйгілі қолбасшы және дәулескер күйші ретінде қалған. Оның домбыра құлағында шебер ойнағаны соншалық Шыңғысханға ұлы Жошы хан қайтыс болғанын бір ауыз сөзбен емес, күймен естірткен. Қоладан құйылған мүсіннің биіктігі 10 метр. Ескерткіштің бой көтеруіне жұмсалған 81 млн. теңгені кәсіпкерлер мен қарапайым халық 2013 жылдан бері «Қазақтың Кетбұқасы» атты арнайы құрылған қорға жинаған. Осы уақыт аралығында «Абыз тұлға - аңыз тұлға Кетбұқа» және «Ұлылыққа тағзым - ұрпаққа тағлым» атты жинақтар да жарық көрген.
Төлеген Бүкіров, «Қазақтың Кетбұқасы» ҚБ төрағасы:
- Ғылым докторы, жазушы Жамбыл Артықбаевтың «Кетбұқа-аталық жырау» атты тарихи танымдық кітабы дүниеге келді. Сондай-ақ, белгілі күйші, профессор Жанғали Жүзбаевтың «Кетбұқаның күй мұрасы» атты жинағы жарық көрді. Онда 20-дан астам күйі күйтабаққа түсіріліп, осы Жезқазғанда тұсаукесері өтті. Осы ескерткіштің ашылуымен Кетбұқа баба туралы зерттеу енді басталды деп ойлаймын.
Руслан НҰРЛАНҰЛЫ