Алматы әуежайында кепілге алынған әйел баласын құтқарған азамат «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы әуежайында кепілге алынған әйел баласын құтқарған азамат «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды

09.03.2025

Алматы әуежайында кепілге алынған әйел баласын құтқарған Мұса Әбдірайымға Алматы әкімі Ерболат Досаев «Ерлігі үшін» медалін табыстады. Оқиға болған күні-ақ – наурыздың жетісінде Президент жарлығы шыққан.

Сол күні Алматы әуежайында пышақ ұстаған ер адам жолаушыларды тексеру қызметкерін кепілге алған. Полиция оқиға орнын қоршап тұрғанымен жақындамаған. Ақыры не керек, айқай шыққан жерге жүгіріп барған Мұса Әбдірайым кепілге өзін алмастыруды ұсынады. Қаскөйді аңдып тұрып, сәл босаңсыды дегенде оның қолынан пышақты тартып алған.

Ұсталған 67 жастағы Қазақстан азаматы. Не үшін бұлай істегені белгісіз. Полиция оның үстінен 3 қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. 2 айға қамалды. Ал пышақпен әуежайға қалай кірген? Бұл қалай?- деп тиісті органдарға қарайсың.

Айтпақшы бұл азамат былтыр күзде автобуста бір әйелді ұрып жіберіп, желтоқсан айында бір жылға бостандығы шектелген екен.

Мұса Әбдірайымның мұндай жанқиярлыққа баруы көпті сүйсінтті. «Міне, нағыз Азамат!» деген сөзді аса бір ықыласпен айтатын сәт.


Хабарламаларға жазылу