Елімізде соңғы 8 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 1800-ден асқан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде соңғы 8 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 1800-ден асқан

02.03.2025

Семейде бір топ оқушы жабылып тепкілеп, қорлаған 11 жастағы ұл бала «Динамо» спорт клубына қабылданды. Жеткіншек бокс секциясына барады. Абай облысы полиция департаментінің бастығы оны жаттығу залымен, клуб мүшелерімен таныстырыпты. Жеткіншек алғашқы жаттығуын өткізіп үлгерді.

Ол оқитын №9 мектептің директоры қызметінен босатылған, ұрып-соққан жасөспірімдер арнайы мектепке жіберіледі. Қылмыстық іс қозғалған. Бұл отбасында бес бала бар екен. Пәтер жалдап тұратынын естіген жұрт ақша жинады. Баспана алады.

Ақтауда да осыған ұқсайтын оқиға болды. Мектепке жаңадан келген 9-сынып оқушысын қатарластары жабылып ұрып, жасөспірім ауруханаға түсті.

Меншікті тілшінің хабарлауынша, әлгілер тіпті қолына кастет киіп ұрған. Салдарынан жеткіншектің миы шайқалып, басында қан ұйыған. Қазір облыстық балалар ауруханасында ем алып жатыр. Оны тепкінің астына алған 3 жасөспірімге қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы 8 айда кәмелетке толмағандар жасаған қылмыс саны 1800-ден асқан. Бас прокуратураның Құқықтық статистика комитетінің хабарлауынша, оның 826-сы ауырлығы орташа, 672-сі ауыр және 102-сі аса ауыр қылмыс.

Осындай оқиғалар «бірнәрселердің» дұрыс еместігіне нұсқайды. Негізі әр сондай оқиға сайын сөйтіп ойлап қоямыз, болды. Бірді-екілі оқиға еместігін біліп отырмыз.

Және бұзақыны арнайы мектепке жіберіп, тіпті соттап, директорды қызметінен босату мәселені шешпейтінін де түсінеміз.

Белгілі психолог Ержан Мырзабаев UNISEF-тің зерттеуін келтіреді: бізде әрбір бесінші бала буллингке ұшырайды. Демек Қазақстанда буллинг белең алып бара жатыр деген сөз. Қауіпті. Қорқынышты. Сөз басы «ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегеннен басталады.

Тағы бір кілтипан – мектептегі психолог мамандардың тапшылығы. Норма бойынша 500 балаға бір психологтан келу керек. Сол норма сақталмайды. Және жалақысы аз жұмысқа білікті маман барсын ба?

Сол үшін психологтарға жауапкершілікті артып қоймауымыз керек,олар әдістемелік қолдау көрсетеді, түрлі тест алады, нәтижесіне сәйкес әдістемелік кеңес береді деді.

Негізі әрбір педагог, әрбір сынып жетекші бала психологиясын оқыған. Баланың хәлін, көңіл күйін түсіну үшін арнайы психолог дипломы қажет емес. Мұғалімдер бір сәт бірақ жиі баламен сөйлессе, дейді Ержан Мырзабаев.


Хабарламаларға жазылу