Халықаралық панорамасыз болмайтын болды. АҚШ президенті Д.Трамп пен Украина президенті В.Зеленскийдің кездесуін жұманың кешінен бері талқылап жатырмыз.
Журналистердің көзінше тікелей эфирде болған дискуссия соғысты жылдам тоқтату идеясы оп-оңай іске асатын дүние еместігін көрсетті. Иә идеяны қолдамайтын тарап жоқ. Мәселе әдіс-тәсілінде және Украинаға берілетін кепілдікте болып тұр.
В.Зеленский АҚШ-тан қауіпсіздік кепілдігін алғысы келеді. Агрессордың сөзіне сенім жоқ екенін біледі. Соған алаңдайды. Оның дым болмағандай қайтадан толыққанды актор болып кеткеніне ызаланады. Д.Трамп Украинаның пайдалы қазба байлығын бірігіп игеру туралы келісім кепілге жарайды деп отыр. Бар ойы соғысты жылдам тоқтату. Ешкімді жауыз демейді. Тіпті Американың Ресеймен байланыстарын қалпына келтіруге дайын.
Иә Ақ үйдің риторикасы өзгерген. Барлық мәселе бойынша. Еуропа лидерлері В.Орбан сияқты оңшылдарды қоспағанда, алаңдаулы. Себебі фундаменталды дүниелер опырылып құлап жатқан сияқты.
Әзірге мәлімдеме түрінде, сөз жүзінде. Бірақ Зеленскийді «диктатор» деп алып, кейін «мен солай дедім бе, солай дегеніме сене алар емеспін» деу бір басқа, ал агрессорға қайта-қайта пірәндік көрсету бір басқа.
Иә соғысты тоқтату маңызды. Өте маңызды. Алайда күштінің әлсізге зорлығы нормаға айналуы рәсімделгелі тұрғандай болса, әрине алаңдайсың.
Сәтсіз кездесуден соң В.Зеленский Еуропа басшылармен кездесу үшін Лондонға барды. Алдымен британ премьер-министрімен кездескен, Кир Стармер Украинаны барынша қолдайтындарын, Киевке 3 млрд доллар көлемінде қарыз беретіндерін айтқан. Бұл мұздай қатырылған Ресей активтерінің болашақтағы түсімдері есебінен қаржыландыру деп жазды BBC-дің орыс қызметі.
Лондан саммитінде Еуропа лидерлері АҚШ Украинаға әскери және қаржылай көмегін тоқтатқан жағдайда өз көмектерін ұлғайту жайын талқылайды.
