Ресейдің Омбы облысында қазақ тілін үйренемін деген қандастардың саны артты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресейдің Омбы облысында қазақ тілін үйренемін деген қандастардың саны артты

27.02.2025

Ресейдің Омбы облысында қазақ тілін үйренемін деген қандастардың саны артты. Сондықтан өңірде қазақ тілі үйірмелері қайтадан ашылды. Жалпы бұл аймақта 100 мыңға жуық қандас тұрады.

Омбы жерінде өз ана тілін терең меңгергісі келетін қандас көп. Жергілікті жалғыз қазақ журналының бас редакторы Торғын Әшенованың айтуынша, өзге ұлт өкілдері де қазақ тіліне қызығушылық танытуда. Сондықтан қазақ тілі сабақтары енді дәстүрлі түрде ұйымдастырылады.

Торғын Әшенова, «Омбы қазақтары» журналының бас редакторы:

Айына екі рет, немесе бір рет жиналып, бір-бірімізбен қазақша сөйлесуге тырысамыз. Көбінесе келетін жас адамдар, үлкен адамдар да бар. Көбі қазақша түсінеді, көп сөйлей алмайды. Өлең арқылы, ән арқылы біз олармен қазақша сөйлеуге тырысамыз.

Осыған дейін Ресейде тіл үйренуге жергілікті білім стандарттарына сай оқулықтың жоқтығы кедергі келтіретін. Енді Алтай өңірінің мұғалімдері барлық сыныптарға арналған қазақ тілі оқулығын өздері жасап шығарды. Омбы облысы да алғашқылардың бірі болып, оқулықты қолдана бастады. Омбы жерінде кей мектептерде қазақ тілі міндетті пән ретінде оқытылуда.

Бәткен Сәрсенова, мұғалім:

Облыстағы қазақ тілінде айтып өтсек, 11 мектепте пән және факультатив ретінде қазақ тілі өтеді. Ата-аналардың тарапынан қазақ тіліне қызығушылық жоғары. Сондықтан өздері де, балалары да қазақ тілін үйренуге тырысады.

Сонымен қатар, Түмен, Алтай өңірлерінде де қазақ тілі пәні мектеп бағдарламасына енгізілді. Іргелес елде 1 миллионға жуық қандас тұрады.

Индира Бегайдар


Хабарламаларға жазылу