II дүниежүзілік соғысы ардагерлерінің бүгінге дейін жеткен жеке заттары, құжаттары мен медальдары музейге тапсырылды. Мемлекеттік орталық мұражай :еңістің 80 жылдығына орай «Музейге сый» іс-шарасын ұйымдастырды. Оның аясында майдангерлердің ұрпақтары ата-апаларынан қалған көне жәдігерлерді, әртүрлі марапат пен қолжазбаларды тарихи қорға өткізді. Солардың бірі сұрапыл соғыс кезінде Кавказды ерлікпен қорғаған Ақылбек Кебеевтің мұраларын ұлы әкеп тапсырды. Өткен мен болашақты байланыстыратын құнды естеліктер осында сақталуы керек дейді, Сәбит Кебеев.
Сәбит Кебеев, соғыс ардагерінің ұлы:
Болашақ ұрпақ білсін, болашақ ұрпақпен сабақтастық, үндестік үзілмесін. Бізден кейінгі ұрпақтар да қандай соғыс болғанын, ауқымы мен қай жерлерде болғанын білсін деген ой болды.
Сонымен қатар мұражайда «Жеңіс тарихы: әр сурет – бір тағдыр» көрмесі ашылған. Жиылған жұрт көрнекі бейнелер арқылы қаһармандарын еске алды. Әрбір фотосурет жеңіске үлес қосқан жанның өзіндік бір жеке болмысын айшықтайды. Суреттер мен өзге де экспонаттар артында нақты өмір, сынақтар мен ерліктер жатқанын сезесіз.
Ернұр Медет
